| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
ІІМ көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін алу қағидаларына өзгерістер әзірледі, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранованың айтуынша, өзгерістер көлік құралдарын қайта жабдықтағаннан кейінгі рәсімдерге де қатысты. Атап айтқанда, көлікті қайта жабдықтаған соң оны қосымша тексеруден өткізу талап етілмейді. Өзгерістердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын құжатты ұсыну жеткілікті болады.
Сонымен қатар жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібіне де өзгерістер енгізу көзделген. Егер үміткер емтиханды бірінші рет тапсыра алмаса, оны келесі жұмыс күні қайта тапсыруына мүмкіндік беріледі. Екінші талпыныс та сәтсіз болған жағдайда, дайындыққа 10 күн уақыт беріледі.
Ал теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмаған үміткерлерге сол емтиханды қайта тапсыру ақылы негізде жүргізіледі. Бұл талап үміткерлердің емтиханға мұқият дайындалуына мүмкіндік беру мақсатында енгізіліп отыр.
Бұдан бөлек, теориялық емтиханнан сәтті өтіп, практикалық сынақтан өте алмаған азаматтардың теориялық емтихан нәтижесі сақталады. Бұл үміткерлерге теориялық бөлімді қайта тапсыру қажеттілігін болдырмайды.
Шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстанның ұлттық жүргізуші куәлігіне ауыстыру тәртібі де нақтыланған. Енді мұндай жағдайда азамат алдымен теориялық емтихан тапсыруы қажет. Сонымен қатар жол қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті орган жүргізуші куәлігін берген шет мемлекетке ресми сұрау жолдайды. Құжаттың түпнұсқалығы сол елдің құзыретті органы арқылы расталғаннан кейін ғана оны Қазақстан куәлігіне ауыстыруға рұқсат беріледі.
ІІМ өкілінің мәлімдеуінше, бұл шаралар мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін оңтайландырумен қатар, жалған құжаттарды пайдаланудың алдын алуға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.