| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматы облысында рейдке шыққан балық инспекторлары мінген қайық соқтығысып, суға батып кетті. Екі қызметкер суға құлап, жағаға өз күштерімен жүзіп жеткен. Абырой болғанда, екеуі де аман қалды, — деп хабарлайды Dauletten.kz сайты HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.
Оқиға 12 қарашада Алматы облысының Балқаш ауданына қарасты Тереңкөл маңында, Іле өзенінің Балқаш көліне құяр тұсында болған.
Сол күні балық инспекторлары өзенде кезекті рейд жүргізіп жүрген. Олар екі қайықта отырған төрт адамды байқаған. Алдын ала мәлімет бойынша, балықшылар электр тогын пайдаланып, заңсыз балық аулаған болуы мүмкін.
Куәгерлердің айтуынша, инспекторларды көрген ер адамдар балық аулау құралдарын суға лақтыра бастаған. Артынша қайықтар соқтығысып, инспекторлар мінген қызметтік қайық суға батып кеткен.
Қайықтағы екі инспектор суға құлаған. Олар жағаға өз күштерімен жүзіп жетуге мәжбүр болған. Бұл жағдай қызметтік міндетін атқарып жүрген екі адамның өміріне елеулі қауіп төндірді. Оқиғаның соңы қайғылы аяқталуы да мүмкін еді.
Қазіргі уақытта қайықтардың қандай жағдайда соқтығысқаны және оқиғаға қатысушылардың әрекетіне қандай құқықтық баға берілетіні әзірге белгісіз.
Бұл жолы екі инспектор аман қалды. Алайда табиғатты қорғау кезінде қызметкерлердің өміріне қауіп төнуі алғаш рет болып отырған жоқ. Бұған дейін мұндай жағдайлардың соңы адам өлімімен аяқталған кездер де болған.
Еске салсақ, 2019 жылғы қаңтарда Қарағанды облысында браконьерлердің шабуылынан «Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиев ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды. Сол жылдың шілдесінде Ақмола облысында тағы бір инспектор Қаныш Нұртазинов браконьерлердің оғынан қаза тапты.
Кейінгі жылдары да табиғат қорғаушыларына күш қолдану деректері тіркелді. 2021 жылы Шардара су қоймасында егерлер соққыға жығылған. 2022 жылы Батыс Қазақстан облысында «Охотзоопром» инспекторларының қызметтік көлігіне оқ атылған. Ал 2023 жылы дәл осы Іле өзенінде заңсыз балық аулаған адамдар инспектор мен егерь мінген қайықты суға батыруға әрекеттенгені хабарланған.
Бұл оқиғалардың мән-жайы әртүрлі. Іле өзеніндегі соңғы жағдайдың қасақана жасалған шабуыл екені де әзірге анықталған жоқ. Дегенмен олардың барлығы табиғат қорғау қызметкерлерінің өз міндетін орындау кезінде қандай қауіпке тап болуы мүмкін екенін көрсетеді.