| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Астанада Таиландтан Қазақстанға есірткі жеткізудің екі дерегі бойынша сот үкімі шықты. Бірі 4,7 келі каннабис экстрактын шабаданға салып әкелсе, екіншісі тыйым салынған заттарды пошта арқылы жіберуді ұйымдастырған. Сотталушылар 16 және 8 жылға бас бостандығынан айырылды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Есірткіні тәтті ретінде алып өтпек болған
Бас прокуратураның мәліметінше, алғашқы іс бойынша 20 жастағы қазақстандық бойжеткен Таиландтан ақшалай сыйақы үшін екі шабадан жеткізген. Олардың ішіне жалпы салмағы 4,7 келі каннабис экстракты жасырылған. Ол есірткіні тәттілер ретінде көрсетіп, шекарадан алып өтпек болған.
Алайда заңсыз жүк бойжеткен Астана әуежайына ұшып келген кезде анықталып, тәркіленді. Сот оны 16 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Есірткіні пошта арқылы жіберген
Екінші іс бойынша 39 жастағы ер адам 2024 жылдың көктемінде Таиландтан Қазақстанға есірткі жөнелтуді ұйымдастырған. Ол тыйым салынған заттарды халық тұтынатын тауарлар ретінде жасырып, пошта қызметін пайдаланған.
Бұл есірткі партиясын алуға қатысы бар үш адам бұған дейін сотталған. Ал жүкті жіберуді ұйымдастырған ер адамға іздеу жарияланып, кейін ұсталған соң сот алдында жауап берді. Оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Екі іс бойынша да мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қолдады. Сот үкімдері әзірге заңды күшіне енген жоқ.