| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді арнайы тізілімге енгізу рәсімі мемлекеттік қызмет форматына ауыстырылады. Премьер-министр Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бұл жұмысты үш ай ішінде аяқтауды тапсырды, - деп хабарлайды Dauletten.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет отырысында Премьер-министр Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің тиімділігін арттыру және оны мемлекеттік сатып алуларда кеңінен қолдану мәселесіне тоқталды.
Биыл іске қосылған тізілім арқылы 70 мыңнан астам тауар түрі бойынша 2700-ге жуық отандық өндірушінің қызметі расталған. Аталған жүйе мемлекеттік сатып алуларда, құрылыс саласында, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында, сондай-ақ жеңілдікпен қаржыландыру кезінде қолданылуға тиіс.
Алайда тоғыз айдың қорытындысы бойынша жасалған шарттардың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға төмендеген. Сонымен қатар кәсіпорындар өз мәртебесін растау рәсімінің ұзаққа созылатынына шағымданып отыр.
Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында да отандық өнімнің үлесі төмен. Атап айтқанда, қатты пайдалы қазбалар саласындағы кәсіпорындардың қазақстандық өндірушілерден тауар сатып алу көрсеткіші небәрі 17%-ды құраған.
Осыған байланысты Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тізілім жұмысын жетілдіруді тапсырды. Атап айтқанда, кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерін онлайн тексеру үшін жүйені мемлекеттік органдардың дерекқорларымен ықпалдастыру қажет.
Бұдан бөлек, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, үш ай ішінде өндірушілерді тізілімге енгізу рәсімін мемлекеттік көрсетілетін қызмет форматына ауыстыру міндеті жүктелді. Бұл ретте кәсіпорындардың өтінімдерін қараудың нақты мерзімдері белгіленуге тиіс.