| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кейбір әлеуметтік төлемдер отбасының әл-ауқатына қарай тағайындалады. Бұл өзгерістер мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға әсер ете ме? «Отбасы банк» өкілі азаматтардың әлеуметтік төлемдері баспанаға арналған мемлекеттік қолдау шараларын қарастырғанда қалай есептелетінін түсіндірді, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда 2027 жылдан бастап кейбір әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді. Отбасының әл-ауқат деңгейіне қарай көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуына әсер ете ме деген сұрақ туындады.
Астанада өткен тұрғын үйдің қолжетімділігіне арналған конференцияда «Отбасы банкінің» алғашқы тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азат Ашимов осы мәселеге қатысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, банк мемлекеттік органдар бекіткен заңнамалық талаптарды орындауға міндетті. Егер уәкілетті орган әл-ауқат санаттарына қатысты жаңа талаптарды енгізіп, оларды банк арқылы жүзеге асырылатын тұрғын үй бағдарламаларына қолданса, қаржы ұйымы сол ережелерді басшылыққа алады.
- Егер тиісті мемлекеттік орган осы талаптарды енгізіп, оларды “Отбасы банк” арқылы жүзеге асырылатын құралдарға қолданса, біз оларды орындаймыз, – деді Азат Ашимов.
Сонымен қатар банк өкілі қазіргі уақытта мемлекеттік қолдау шараларын қарастырғанда азаматтардың әлеуметтік жәрдемақылары, зейнетақысы мен өзге де әлеуметтік төлемдері есепке алынбайтынын атап өтті. Банк азаматтардың еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысын ғана ескереді.
Азат Ашимовтың түсіндіруінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдерге қатысты жаңа шектеулер енгізілген күннің өзінде, олар «Отбасы банк» арқылы көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына әсер етпейді.
Еске салайық, 2027 жылдан бастап кейбір әлеуметтік жәрдемақылар отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау негізінде, яғни мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. Бұл өзгерістің мақсаты – мемлекеттік көмекті оны қажет ететін азаматтарға бағыттау.