| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда құқық қорғау органдары қылмыс жасалғаннан кейін әрекет ететін модельден алдын ала ескерту жүйесіне көше бастады. Жаңа тәсілдің нәтижесінде жылдың алғашқы алты айында елдегі қылмыс саны 11%-ға азайған, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қылмыс орын алғаннан кейін күдіктіні іздеу – құқық қорғау органдары жұмысының бір бөлігі ғана. Қазақстанда енді қылмысқа әкелуі мүмкін жағдайларды алдын ала анықтап, қауіпті жерлерді ертерек бақылауға алу тәсілі күшейтіліп жатыр.
Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді.
Жаңа жүйеде қылмыстың салдарымен ғана емес, оған себеп болатын факторлармен де жұмыс істеуге басымдық берілген. Осы мақсатта Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы жұмысын бастады.
Орталық тәулік бойы елдегі криминогендік жағдайды талдайды. Мамандар қауіп деңгейі жоғары аумақтарды анықтап, ықтимал құқық бұзушылықтарды болжайды. Сонымен қатар шетелдік ақпараттық кеңістіктегі қылмыстың жаңа түрлері мен тәсілдері де зерттеледі.
360-тан астам қауіпті нүкте бақылауға алынды
Жаңа тәсілдің нәтижесінде Ішкі істер министрлігі, жергілікті әкімдіктер және басқа да органдар бірлесіп, қылмыс жасалу қаупі жоғары 360-тан астам локацияны анықтаған.
Бұл нүктелердің барлығында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, полиция патрульдері көбейтіліп, шамамен 4 мың жарықтандыру нүктесі орнатылған. Сонымен қатар 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы іске қосылған.
Бұл жұмыста жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологиялардың мүмкіндіктері де пайдаланылған.
Нәтижесінде жылдың алғашқы жартысында Қазақстандағы қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеген.
Адам өлтіру, қарақшылық, тонау, қорқытып алушылық және ұрлықпен қатар, көшеде жасалатын бірқатар қылмыс түрі де азайған.
Интернеттегі қылмысқа да тосқауыл қойылды
Құқық қорғау органдарының назары көшедегі қауіпсіздікпен ғана шектелмейді. Интернеттегі алаяқтық пен есірткі қылмысының алдын алу бағытында да цифрлық құралдар қолданылып жатыр.
«Кибернадзор» жүйесі есірткіні насихаттайтын 10 мың материалды бұғаттаған. Оның ішінде есірткі сатуға арналған 6 мыңнан астам интернет-дүкен бар.
Сонымен бірге дропперлер пайдаланған 464 мыңнан астам шот бұғатталып, есірткі саудасынан түскен 2,6 млрд теңгеден астам қаражатқа тыйым салынған.
Маңызды көрсеткіштердің бірі – интернет-алаяқтықтың азаюы. Оның көлемі 9%-ға төмендеген. Бұл соңғы жылдары тұрақты өсіп келген қылмыс түрінің динамикасы алғаш рет кері өзгергенін көрсетеді.
Бір қоңырау 21 млн теңгені сақтап қалды
Алдын алу жұмысының тиімділігі нақты оқиғадан да көрінді.
Астанада прокуратураның бастамасымен «Қазақтелеком» базасында жұмыс істейтін Антиколл-орталық 76 жастағы әйелдің алаяқтардың ықпалына түсіп, 21 млн теңгесін аударуға дайындалып жатқанын анықтаған.
Мамандар күдікті қоңырауды дер кезінде тоқтатып, әйелдің қаражатын сақтап қалған.
Бұдан бөлек, Ұлттық банктің Антифрод-орталығы арқылы жалпы сомасы 2,9 млрд теңгеден асатын алаяқтық транзакциялар бұғатталған.
Ал «Қазақтелекоммен» бірлескен жұмыстың нәтижесінде 1 миллионнан астам күдікті қоңыраудың жолы кесілген. Сондай-ақ шетелде жұмыс істеген 12 алаяқтық колл-орталықтың қызметі әшкереленген.
Осы көрсеткіштер құқық қорғау органдарының жұмысында бір маңызды өзгеріс қалыптасып келе жатқанын аңғартады: енді мақсат тек қылмыскерді ұстау емес, азаматтың жәбірленушіге айналуына жол бермеу.
Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, негізгі міндет – қауіптің қылмысқа айналуын күтпей, оны ертерек анықтап, себептерін жою.
Яғни жаңа жүйеде құқық қорғау органдары үшін «қылмыс жасалды ма?» дегеннен бұрын «қылмыс болмауы үшін не істеу керек?» деген сұрақ маңызды бола түспек.