| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Үй алу – әр қазақстандық отбасы үшін ең маңызды әрі жауапты қадамдардың бірі. Алайда баспана бағасының қымбаттауы көпшіліктің бұл арманын кейінге ысырып келеді. Осы мәселені шешу үшін мемлекет тұрғын үйге қолжетімділікті арттыратын арнайы бағдарламаларды ұсынып келеді.
Dauletten.kz редакциясы сол бағдарламалар туралы жиі ақпарат беріп отырады. Жаңа жылда да дәстүр бойынша осы үрдісті жалғастырамыз. Көп бағдарламаның бірі, ең танымалы әрі тиімдісі – «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы. Осы материалда аталған бағдарламаның қалай жұмыс істейтінін және кімдер үшін қолжетімді екенін кеңінен түсіндіреміз.
«7-20-25» бағдарламасы деген не және ол қалай жұмыс істейді?
Қазақстанда баспана мәселесін шешуге арналған ең танымал мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың бірі – «7-20-25». Бұл бағдарлама азаматтарға төмен пайызбен, ұзақ мерзімге және қолжетімді бастапқы жарнамен үй алуға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның атауының өзі оның негізгі шарттарын көрсетеді:
7% – жылдық сыйақы мөлшерлемесі,
20% – бастапқы жарна,
25 жылға дейін – несие мерзімі.
Бағдарлама арқылы үйді қалай алуға болады?
«7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алғысы келетін азаматтар «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-мен келісім жасаған серіктес банктерге жүгінуі керек. Қазіргі таңда бағдарламаға келесі банктер қатысады:
Банк ЦентрКредит
Bereke Bank
Қазақстанның Халық Банкі
Еуразиялық Банк
Банк Фридом Финанс Казахстан
Bank RBK
Forte Bank
Altyn Bank
Азамат алдымен осы банктердің біріне барып, құжаттарын тапсырады. Банк өтінішті қарап, талаптарға сай келген жағдайда ипотекалық несие береді.
«7-20-25» бағдарламасына кімдер қатыса алады?
Бағдарламаға қатысу үшін бірқатар міндетті талаптар бар. Несие алушы:
Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс;
Соңғы 18 ай ішінде Қазақстан аумағында өз атында тұрғын үйі болмауы керек;
Расталған табысы болуы қажет (жалақы немесе кәсіпкерлік кіріс);
Бұрын ипотекалық несиесі болмау керек;
«7-20-25» бағдарламасын бұрын пайдаланбаған болуы керек;
(бұл бағдарлама бойынша ипотеканы бір рет қана алуға болады).
Бұл талаптар бағдарламаның әлеуметтік бағытталғанын және шын мәнінде баспанаға мұқтаж азаматтарға арналғанын көрсетеді.
Бағдарламаның басты артықшылығы неде?
Ең үлкен артықшылық – төмен пайыздық мөлшерлеме. Қазіргі нарықтағы ипотекалық несиелермен салыстырғанда, 7% – өте тиімді шарт. Сонымен қатар:
Ай сайынғы төлем салыстырмалы түрде жеңіл;
Несие мерзімі 25 жылға дейін, бұл отбасылық бюджетке түсетін салмақты азайтады;
Мемлекет тарапынан қолдау бар, яғни шарттар тұрақты.
«7-20-25» – бұл жай ғана ипотека емес, өз үйіне қол жеткізгісі келетін азаматтарға арналған нақты мүмкіндік. Дегенмен, бағдарлама талаптары қатаң, сондықтан өтініш бермес бұрын барлық шарттарды мұқият зерделеген жөн.