| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Ипотека төлеу отбасылық бюджетке салмақ түсірсе, несиені басқа банкке қайта қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруға болады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Halyk Bank өзге банктерден алынған ипотеканы жаңа шарттармен рәсімдеу қызметін іске қосты. Жаңа ұсыныс қандай жағдайда тиімді болуы мүмкін және қарыз алушы нені ескеруі керек?
Ипотека рәсімдеген кезде көпшілік ай сайынғы төлемді ұзақ жылдар бойы өтеуге міндеттенеді. Алайда уақыт өте келе адамның табысы, шығыны мен отбасылық жағдайы өзгеруі мүмкін. Мұндайда несие шарттарын қайта қарау отбасылық бюджетті жоспарлауға көмектеседі.
Оның бір жолы – ипотеканы қайта қаржыландыру. Бұл жағдайда клиент бұрын алған тұрғын үй несиесін басқа банктің ұсынысы бойынша қайта рәсімдейді. Яғни жаңа баспана сатып алудың қажеті жоқ, тек қолданыстағы қарыздың шарттары өзгеруі мүмкін.
Halyk Bank өзге қаржы ұйымдарынан ипотека алған клиенттерге арналған қайта қаржыландыру қызметін ұсынды. Бағдарлама аясында несие жаңа шарттармен рәсімделіп, ай сайынғы төлемді төмендету мүмкіндігі қарастырылады.
Ай сайынғы төлем қаншалықты азаюы мүмкін?
Мысал ретінде шартты түрде ипотека бойынша 15 миллион теңге қарызы және төлеу мерзімінің аяқталуына 15 жыл қалған қарыз алушыны алайық.
Егер оның қолданыстағы несиесі жылдық 22,5% мөлшерлемемен рәсімделсе, ал жаңа шарт бойынша мөлшерлеме 19,5% болса, ай сайынғы төлем төмендеуі ықтимал.
Берілген бастапқы есеп бойынша, ай сайынғы төлем шамамен 290 мың теңгеден 258 мың теңгеге дейін азаюы мүмкін. Бұл – айына 32 мың теңгеден астам, ал бір жылда шамамен 385 мың теңге үнемдеу деген сөз.
Алайда бұл сандарды нақты ұсыныс ретінде қабылдамаған жөн. Нақты төлем несие шарттарына, қарыз қалдығына, мерзіміне және қосымша шығындарға байланысты есептеледі. Қайта қаржыландырудың тиімділігін анықтау үшін барлық төлем мен ықтимал шығынды бірге салыстыру қажет.
Halyk Bank бағдарламасының шарттары қандай?
Банк ұсынған ақпаратқа сәйкес, қайта қаржыландыру бағдарламасындағы номиналды жылдық сыйақы мөлшерлемесі 19,5–22,5% аралығында. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 21,59–25% деңгейінде көрсетілген. Несие мерзімі 20 жылға дейін белгіленуі мүмкін.
Бағдарлама бойынша ипотеканы мерзімінен бұрын өтеуге комиссия алынбайтыны және төлемді онлайн жасауға болатыны айтылған. Сондай-ақ өмір мен мүлікті сақтандыруға байланысты шығындарды банк өз қаражаты есебінен өтейтіні көрсетілген.
Жалақысын Halyk Bank картасына алатын клиенттерге ай сайынғы төлемді автоматты түрде өтеу мүмкіндігі де қарастырылған.
Қайта қаржыландыру кімдерге тиімді болуы мүмкін?
Бұл нұсқа ең алдымен қолданыстағы ипотекасының мөлшерлемесі жоғары және жаңа ұсыныс бойынша ай сайынғы төлемін төмендете алатын азаматтарға қызықты болуы мүмкін.
Дегенмен тек ай сайынғы төлемге қарап шешім қабылдау жеткіліксіз. Қарыздың жалпы құнын, ЖТСМ көрсеткішін, сақтандыру талаптарын және қайта рәсімдеуге байланысты ықтимал шығындарды салыстырған жөн. Несие мерзімін ұзарту ай сайынғы төлемді азайтқанымен, жалпы төленетін соманы көбейтуі мүмкін.
Бағдарлама талаптары мен жеке жағдайға сәйкес есептеуді Halyk Bank бөлімшесінен білуге немесе банктің halykbank.kz ресми сайтына жүгінуге болады.
Қайта қаржыландыру туралы шешім қабылдамас бұрын қолданыстағы ипотека шарттарын жаңа ұсыныспен салыстырып, нақты үнем көлемін есептеп алған дұрыс.