Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Көкшетауда 80 көлдің маңын мекендеген тұрғындар таза ауыз суға жарымай отырғандарын айтып, мұңын шақты, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Олардың айтуынша, фильтрсіз күн көру қиын, ал бұл мәселе ұзақ жылдан бері шешімін таппай келеді.
Көкшетаулық Алмагүл Жақыпова бұл қалада 30 жылдан бері тұрып келеді. Ол осы уақыт ішінде судың тазартылғанын бір де бір рет көрмегенін айтады. Қазір күніне 5-10 литр ауыз суды сатып алуға мәжбүр.
– Біз бұл суды ішпейміз, тамаққа да қоспаймыз. Сатып аламыз. Дәмі біртүрлі, ет ассаң, қазанның шеті сары түске боялады. Меніңше, құбырлар тым ескі, – дейді ол.
Телеарна тілшісінің мәліметінше, Көкшетауда ауыз су төрт мезгіл бойы дұрыс болмай, жаз мезгілінде ыстық су мүлдем тоқтап қалады. Қаладағы жалғыз жылу орталығы үздіксіз жұмыс істеуге қауқарсыз.
– Қыста үйдің іші салқын болды. Қабырға мен еденнің түйіскен жеріне көбік жібердік. Бірақ еденнен суық өтіп тұрады. "ТЭЦ саламыз" дейді. Оны немен салады? Суды қайдан алады? Қалада су жоқ. ТЭЦ деп елді босқа алдап жатыр, – дейді қала тұрғыны Күлпәш Бакибаева.
Ал "Көкшетау су арнасы" мамандары тұрғындардың су лас деген пікіріне келіспейді. Қайта, суды ішуге де болады, тек адамдар күмәнданғаннан кейін оны пайдаланбай отыр дейді.
– 2022 жылдан бері біз коагулянт цехын іске қостық. Қазір жұмыс істеп тұр. Бірақ оның қуаты қалаға қажетті судың барлығын тазартуға жетпейді. Суды Сергеевкадан аламыз, ол жақтың суы таза. Қала суы лас деп айта алмаймыз. Сапасы бұрынғыдан жақсарған. Қазір 300 мың текше метрлік жаңа су тазарту станциясы салынып жатыр. Биыл аяқталуы тиіс. Жаңа нысан іске қосылса, су сапасы бұдан да жақсы болады, – дейді “Көкшетау су арнасы” бас инженері Қазыбек Сәдуақасов.
Қаладағы жалғыз су жылыту мекемесі жылына жеті ай ғана жұмыс істейді. Қалған уақытта жөндеу және дайындық жұмыстары жүреді, сондықтан жазда ыстық су берілмейді.
– Көмірмен жұмыс істейтін үш қазандығымыз, мазутпен істейтін біреуі бар. Бірақ біз ТЭЦ емеспіз, электр қуатын өндірмейміз. Үкімет ТЭЦ саламыз деп жатыр. Егер ол іске қосылса, онда жазда да ыстық су болар деп үміттенеміз, – дейді “Көкшетау жылу” мекемесінің бас директоры Руслан Макишев.