| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мектеп оқушысының су үнемдейтін жобасы министрліктің қолдауына ие болды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Алматы қаласындағы №79 гимназияның оқушысы Дана Қадырбек ауадағы ылғалды пайдаланып, су шығаратын жаңа құрылғы жасады. Бұл құрал электр қуатына тәуелді емес, ауадан ылғалды сіңіріп, оны суға айналдырады.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Дана Қадырбекпен кездесіп, құрылғыны пилоттық сынаққа енгізу, жобаны зерттеу және технологияны кеңінен қолдану бойынша меморандумға қол қойды. Министр сондай-ақ ведомствоға жобаны толық қолдауды тапсырды, ал Данаға алғыс хат пен сыйлық табыс етті.
Министр жобаны бағалай келе:
- Жас ғалымдардың су үнемдеуге арналған шығармашылық жобалары қуантады. Құрылғы аз ылғал кезінде де жұмыс істей алады, заманауи наноматериалдар мен күн энергиясын қолдануы оны тиімді әрі экологиялық таза етеді, - деді ол.
Дана Қадырбектің жобасы халықаралық және республикалық конкурстарда жоғары баға алды: Оңтүстік Кореяда өткен WICO көрмесінде I орын, Индонезиядағы YISF халықаралық жәрмеңкесінде I орын иеленді. Сонымен қатар, ол UNIDO-ның Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) бағдарламасының жартылай финалисі болды.
- Министрліктің қолдауы менің ғылыми ізденістерімді жалғастыруға үлкен демеу береді. Пилоттық сынақ арқылы құрылғының нақты тиімділігін тексереміз, - дейді жас ғалым Дана Қадырбек.