Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматыда алаяқтар журналист әрі профессор Кәкен Хамзинді алдап, жалғыз баспанасын сатқызып жіберген. Олар өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкеріміз деп таныстырып, профессорға қысым көрсеткен, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Оқиға туралы қоғам белсендісі әрі журналист Айбар Олжаев мәлімдеді.
- Кәкен Қамзин қарттық шағында жалғыз үйінен айырылу қаупінде тұр. Алаяқтар ардагер журналистің сенгіштігін пайдаланып, кинодағыдай сценарий құрыпты. Алдымен өзін Энергосбыт қызметкеріміз деп таныстырғандар пәтер мекенжайы, ЖСН секілді жеке деректерін анықтап алады. Кейін ҰҚК атынан хабарласып, пәтерге қатысты біреулерден қауіп төніп тұрғанын айтып, үйін тез арада сатуға көндірген. Ақшаны Ұлттық банктің арнайы шотында сақтаймыз деп сендіріп, профессордың қолындағы қаражатты өз адамдарын жіберіп алған, – деді Олжаев.
Қазір бұл іс бойынша Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатыр. Дегенмен, Айбар Олжаев бұл мәселеге билік тарапынан назар аудару қажет екенін айтты.
- Алматы қаласының Полиция департаментінен бұл даулы іске ерекше назар аударуды сұраймын. Құрметті Ішкі істер министрі Ержан Саденов мырза, осы істі жеке бақылауыңызға алсаңыз деген өтініш бар. Үйді сату мәмілесін заңсыз деп тану үшін білікті адвокаттардың көмегі қажет. Қоғамда беделі бар Абзал Құспан кәсіби кеңес берсе, үлкен қолдау болар еді. Парламент депутаттары, профессордың шәкірттері Жанарбек Әшімжан, Нартай Сарсенғалиұлы, Мақсат Толықбай, сондай-ақ тәжірибелі журналист Ермұрат Бәпи бұл іске назар аударып, қоғамда үлкен резонанс тудырса, профессорды қорғап қалуға мүмкіндік туар еді. Қазіргі таңда Кәкен Қамзин үйінде жалғыз. Пәтерді сатып алғандар түнде келіп, қысым көрсетіп жатыр. Жағдай ушығып барады, – деп түйіндеді Олжаев.