Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен және «Жаухар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қорының ұйымдастыруымен өткен «IQ-ALA JASTARY» қалалық зияткерлік ойынының финалдық кезеңі өтті, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Бұл іс-шара 31 мамыр күні Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің акт залында Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткізілді.
Жобаның мақсаты – жастардың білімге деген құштарлығын арттыру, сыни және логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, шығармашылық әлеуетін шыңдау және ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Байқауға Алматы қаласынан студенттік лига бойынша – 29, белсенді жастар лигасына – 26, жұмысшы жастар лигасына – 22 және әртүрлі санаттағы жастарға арналған жастар лигасына – 24 өтінім, жалпы саны 101 өтінім келіп түсті. Ойын төрт негізгі лига бойынша ұйымдастырылды:
1. СТУДЕНТТІК ЛИГА – жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында
2. БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР ЛИГАСЫ – комьюнити орталықтары, омбудсмендер, ҮЕҰ өкілдері мен шығармашыл жастар арасынан
3. ЖҰМЫСШЫ ЖАСТАР ЛИГАСЫ – түрлі салада еңбек ететін жастар арасында
4. ЖАСТАР ЛИГАСЫ – әртүрлі әлеуметтік топтағы жастар арасында
Әр лига бойынша үздік атанған командалар финалдық кезеңге жолдама алып, барлығы 19 команда өзара білім, логика және тапқырлық бойынша сайысқа түсті.
– Биылғы «IQ-ALA JASTARY» ойынына мыңнан аса жас қатысты. Іріктеу кезеңдерінде 100-ден аса команда бақ сынасты. Жүлде қоры – 1 000 000 теңге. Бұл – жастарды ынталандырудың маңызды жолы, - деді «Жауһар» қоғамдық қорының директоры Исмаил Нұрислам Оразаұлы.
Жоба аясында жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында қатысушылар үшін дамыту іс-шаралары, тимбилдингтер, семинар сабақтар және басқа да мазмұнды бағдарламалар өткізілді. Бұл шаралар қатысушылардың жеке және командалық әлеуетін дамытуға бағытталды.
Финалдық кезеңге өткен 19 үздік команда 7 тур бойы әртүрлі бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін ортаға салды.
Нәтижелер келесідей болды:
• 1 орын – «A-team» командасы (500 000 теңге жүлде)
• 2 орын – «Аққу, шортан һәм шаян» командасы (300 000 теңге жүлде)
• 3 орын – «Достар» командасы (200 000 теңге жүлде)
• 4 орын – «Oilike» командасы
• 5 орын – «Фокус + Египеттестер» командасы
Төртінші және бесінші орын алған командаларға арнайы ынталандыру сыйлықтары табысталды.
– Командамыз бірнеше жылдан бері бірге ойнап келеді. Алматыдағы түрлі интеллектуалды жарыстарға қатысқан тәжірибеміз бар. Кей сұрақтар, әсіресе тарихи тастарға қатысты, күрделі болды. Бірақ әділ әрі тартысты өткен ойынның рухы ерекше әсер қалдырды, - деді Шұғыла Бүрлібаева, «Аққу, шортан һәм шаян» командасының мүшесі.
«IQ-ALA JASTARY» зияткерлік жобасы жастар арасында үлкен қызығушылық пен қолдау тапты. Ұйымдастырушылар бұл жобаны алдағы жылдары дәстүрлі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.
Биылғы қатысушылар саны мен қызығушылық деңгейі – бұл жобаның өзектілігі мен жастардың зияткерлік дамуға деген ынтасын айғақтайды. Мұндай бастамалар жастардың бір мақсатқа жұмылып, көшбасшылық қабілеттерінің қалыптасуына жол ашады.