Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазіргі заманда көп табыс табу — міндет емес. Ең бастысы — ақшаңды тиімді басқару. Бірақ өкінішке қарай, көпшілігі алған айлығын қалай жұмсап қойғанын өзі де аңғармай қалады. Несие, қарыз, жоспарсыз шығын – осының бәрі адамның қаржылық жағдайын әлсіретеді. Ал қаржылық сауаттылық дегеніміз — ақша туралы дұрыс шешім қабылдай білу, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
1. Қаржылық сауаттылық деген не?
Қарапайым тілмен айтқанда, бұл - ақша табуды, сақтап, көбейтуді, жоспарлап жұмсауды, қарыздан қашуды, қаржы мақсаттарын қоюды үйрену.
Бұл мектепте үйретілмейді. Бірақ әр адам бұл білімді өз бетімен меңгере алады.
Бейресми мәліметтерге сүйенсек, әрбір екінші адам несиеге тәуелді өмір сүреді. «Қарызсыз қоғам» жобасының қалалық менторы Дулат Мыңбаевтың сөзінше, елімізде 90 күннен артық уақыт бойы несиесін өтей алмай жүргендер саны 1,6 миллион адамнан асып кеткен. 18–25 жас аралығындағы жастардың 40%-ында қаржылық қиындықтар бар.
3. Неліктен қаржылық сауаттылық маңызды?
- Қарыздан құтыласыз;
- Артық шығынды азайтасыз;
- Болашаққа сенімді жоспар құра аласыз;
- Төтенше жағдайға дайын боласыз;
- Бала-шағаңа жақсы қаржы мәдениетін үйретесіз.
4. Қарапайым кеңестер:
1. Кіріс пен шығысыңызды жазып жүріңіз. Ай сайын қанша табысыңыз бар, қанша шығын жасадыңыз — барлығын дәптерге немесе мобильді қосымшаға түртіп жүруді әдетке айналдырыңыз. Осы тәсіл арқылы артық шығын көздерін анықтап, қаржыңызды тиімді басқаруға жол ашасыз.
2. Айлық табысыңыздың кемінде 10%-ын жинаңыз. Ол — күтпеген жағдай туындағанда қарызға жүгінбеудің ең сенімді жолы. Мысалы, егер жалақыңыз 200 000 теңге болса, ай сайын 20 000 теңгені жинақ шотына салып отырыңыз. Уақыт өте келе бұл қаражат сізге үлкен көмек болады.
3. Несие аларда жақсылап ойланыңыз. Иә, кейде несие тиімді көрінуі мүмкін. Бірақ оның артында пайыз, өсім, тәуекел секілді қосымша шығындар бар екенін ұмытпаған жөн. Егер өте қажет болмаса — несие алудан бас тартқаныңыз дұрыс.
4. Қаржылық мақсат қойыңыз. Жинақ нақты бір мақсатқа бағытталса, нәтижеге жету жеңілдей түседі. Мысалы, 6 айда 300 000 теңге жинау, 1 жылда отбасылық демалысқа бару, 3 жылда пәтердің бастапқы жарнасын жинау. Бұл мақсаттар сізге мотивация береді және табысыңызды дұрыс бағытта пайдалануға көмектеседі.
5. Ақша туралы біліміңізді арттырыңыз. Қаржылық сауаттылықты дамыту үшін арнайы курстарға қатысыңыз, кітаптар оқыңыз, бейнематериалдар қараңыз.
6. Мемлекет пен банктердің бастамалары. Қаржылық мәдениетті арттыру мақсатында елімізде түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Пайдалы іс-шаралардан қапы қалмаңыз.
7. Күнделікті өмірден мысал. Маржан есімді мұғалім ай сайын табысының 10 пайызын жинап отырды. Нәтижесінде 1 жыл ішінде 500 000 теңге жинады. Осы қаражат күтпеген медициналық жағдай туындағанда үлкен көмек болды — ол банктен қарыз алмастан мәселені өзі шешті. Егер жинағы болмағанда, несие алуға тура келер еді.
Қорыта айтқанда, қаржылық сауаттылық — бай болу емес, дұрыс өмір сүрудің негізі. Күнделікті өмірде қарапайым да нақты қадамдар жасау арқылы сіз өз болашағыңызды сенімді ете аласыз. Ақшаны басқаруды үйрену — өзіңізге және отбасыңызға жасайтын ең маңызды инвестицияның бірі.