Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Астанада азамат алаяқтық жасап, ірі көлемде пара беруге итермелегені үшін 14 жыл 8 айға сотталды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
2024 жылғы 25 қарашада Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бірнеше алаяқтық әрекет пен пара беруге итермелеу фактілері бойынша айыпталған Б.-ға қатысты үкім шығарды. Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2) тармағы және 28-бабының 4-бөлігі – 367-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.
2022 жылдың желтоқсанында Б. азамат И.-ға оның ағасына қатысты қылмыстық істі тоқтату үшін Антикор басшылығымен келісіп, 40 мың АҚШ долларын беру қажет екенін айтқан. Осылайша, сотталушы И.-дан 18,7 млн теңгеге тең соманы алдап алып, алаяқтық жасаған. Сонымен қатар, Б. И.-ды лауазымды тұлғаға пара беруге мәжбүрлеген.
2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың сәуіріне дейін сотталушы алаяқтық әрекеттерін жалғастырып, И.-дың 46,4 млн теңгесін әртүрлі мақсаттарға жұмсалған деген сылтаумен иемденген. Ол бұл соманы мейрамханалық шығындарды, іссапарларды, кепіл енгізу мен сараптама жүргізу шығындарын төлеуге пайдаланғанын айтқан, бірақ шын мәнінде ақшаны жымқырған.
Сондай-ақ, сотталушы А. және С. есімді азаматтарға ірі көлемде алаяқтық жасаған. А. 2023 жылдың қыркүйегінен 2024 жылдың қаңтарына дейін жер учаскесін алу үшін Б.-ға 3,7 млн теңге берген. Ал С. 2024 жылдың наурызынан маусымына дейін Ресейлік автокөліктерді тіркеу үшін 4,9 млн теңгесін берген. Сонымен бірге, Б. Ж. және Д. есімді азаматтардың жүргізуші куәлігін алуға берген қаражатын (әрқайсысынан 2,2 млн теңге) алдап алған.
Сотта сотталушы тек Ж.-ға қатысты алаяқтық әрекетін мойындап, қалған айыптауларды, оның ішінде пара беруге итермелеу дерегін жоққа шығарды және өзін ақтауды сұрады. Алайда сот оның кінәсін жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, банк жазбаларымен және тергеу материалдарымен дәлелдеді.
Сотталушының кәмелетке толмаған баласының болуы жеңілдететін жағдай ретінде танылды, ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.