Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Астанаға Халықаралық стандарттау ұйымының (ISO) Бас хатшысы Серхио Мухика ресми жұмыс сапарымен келді. Әуежайда мәртебелі мейманды "ҚазСтандарт" бас директоры Мәлік Сәулебай қарсы алды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Құрметті делегацияны қазақы дәстүрмен, ұлттық қонақжайлылық шеңберінде салтанатты түрде қарсы алды.
Сапар аясында Серхио Мухиканың Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Сауда және интеграция министрлігінің басшылық құрамымен кездесулері, сондай-ақ Назарбаев Университеті алаңында академиялық орта өкілдерімен жүздесуі жоспарланған.
Сапардың маңызды шараларының бірі – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстанның ұлттық стандарттау органдары басшылары қатысатын «Орталық Азия және ISO» атты өңірлік кездесуі болмақ.
"ҚазСтандарт" басшысы Мәлік Сәулебай бұл сапардың халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы стратегиялық маңызына ерекше тоқталды.
– ISO-мен белсенді өзара іс-қимыл Қазақстанның сыртқы нарықтардағы беделін арттырып, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашады. Стандарттау – тұрақты экономикалық өсім мен технологиялық жаңғырудың тірегі, – деді ол.
Серхио Мухиканың сапары ISO мен Орталық Азия елдері арасындағы әріптестік қарым-қатынасты одан әрі дамытуға, сондай-ақ өңірлік бастамаларды қолдауға бағытталған. Алдағы келіссөздер стандарттау саласындағы тәжірибе алмасу мен қазақстандық мамандардың ISO халықаралық жұмыс топтарына қатысу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Анықтама үшін:
Халықаралық стандарттау ұйымы (ISO) – өнімдер мен қызметтердің сапасын, қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға арналған стандарттарды әзірлейтін әлемдегі ең ірі ұйым. 1947 жылы 23 ақпанда құрылған. Ұйымның штаб-пәтері Швейцарияның Женева қаласында орналасқан.
Қазақстан ISO жұмысына белсенді түрде атсалысып келеді. Бүгінде еліміздің мамандары 152 техникалық комитеттің жұмысына қатысады. 2025 жылдан бастап Қазақстан ISO/ТК 34/ПК 6 «Ет, құс, жұмыртқа, балық және олардың өнімдері» және ISO/ТК 135/ПК 9 «Акустикалық эмиссияны сынау» бойынша хатшылық қызметін бірлесіп атқарады. Бұл қадам еліміздің халықаралық стандарттарды әзірлеу үдерісіне тікелей қатысуына және ұлттық мүдделерді жаһандық деңгейде ілгерілетуге мол мүмкіндік береді.