Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Астанада 14 жасқа толған оқушылар ресми түрде жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие. Бұл туралы "Жасыл ел» жобасы жетекшісінің орынбасары Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Аталған жоба еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылып жатыр, ал жұмыс орындарының саны жергілікті әкімдіктермен анықталады. Ең ірі аймақтардың бірі – Астана қаласы, мұнда биыл 5 200-ден астам жас үшін бос жұмыс орны ұсынылған. Қазіргі таңда 3 мыңнан аса жас бағдарламамен еңбек етіп жүр. Жазғы маусым мамырда басталып, тамыз айының соңына дейін жалғасады.
Елордадағы "Жасыл ел" бағдарламасының басты артықшылығы – жұмысқа 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қабылданады. Қазір бағдарламаға қатысып жатқан жастардың 90 пайыздан астамы – 14 жастан енді асқан оқушылар. Жоба экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейді, дейді Асылбек Бақытбекұлы.
Маман 14 жасқа толған оқушылар жұмысқа орналасу үшін қандай құжаттар қажет екенін де түсіндірді:
— 16 жасқа толмаған жасөспірімдер ҚР заңнамасына сай 4 сағаттан артық жұмыс істемейді, оларға тек жеңіл жұмыстар жүктеледі. 16 жастан асқан жастар ата-анасыз өздері өтініш бере алады. Ал одан кіші балалар ата-аналарымен бірге келуі қажет. Олар туу туралы куәлік, ата-анасының құжаттары және сенімхатын ұсынуы тиіс. Егер бала әлеуметтік осал топқа жатса, оны растайтын анықтаманы да бірге алып келуі керек, — деді жоба жетекшісінің орынбасары.
Бағдарлама аясында еңбек етіп жүрген жастар тек жалақы ғана емес, сонымен қатар түрлі мәдени-әлеуметтік шараларға да тегін қатыса алады.
— Қазіргі таңда оқушылар қаланың әртүрлі нүктелерінде еңбек етіп жатыр. Олар өз мектептерінің аумағында және саябақтарда ағаштарды суару, көшеттерге күтім жасау сияқты жұмыстармен айналысады. Бұдан бөлек, республикалық "Таза Қазақстан" акциясына белсенді түрде қатысып келеді. Әр іс-шараға 100-ден аса "Жасыл ел" сарбазы жұмылдырылады. Жұмыс соңында жастарға пикник ұйымдастырылып, олар әлеуметтік желілерге бейнежазбалар жариялайды. Біз жастарды тек еңбекке ғана емес, түрлі қалалық мәдени іс-шараларға да тартуға тырысамыз. Бұл үшін әкімдік арнайы билеттер бөліп отырады, — дейді маман.
Бағдарлама жалақының тікелей баланың жеке есепшотына түсуін де қамтамасыз еткен.
— Қазақстанда 14 жастағы балаға есепшот ашып, жалақы аударуға мүмкіндік беретін бір ғана банк бар. Сол банкпен келісіп, жұмысқа қабылданған оқушыларға жеке есепшот ашамыз. Бұл әсіресе әлеуметтік осал топтағы балалар үшін маңызды. Егер жалақы ата-анасының шотына түссе, отбасы мемлекеттен берілетін қосымша көмектен айырылып қалуы мүмкін. Осыны ескере отырып, балалардың атына жеке есепшот ашып, жалақыны соған аударамыз, — деді Асылбек Бақытбекұлы.
Бағдарлама бойынша 14 жастан асқан оқушылар 1 ай жұмыс істегені үшін 65 мың теңге көлемінде жалақы алады. Ал кәмелеттік жасқа толып, арнайы мекемелерде жұмыс істейтін жастар 200 мың теңгеден аса табыс табуы мүмкін.
— Астанада бізбен әр маусымда 100-ден астам жас жұмысқа алатын құрылыс компаниялары ынтымақтаса жұмыс істейді. Олар жастарды көмекші ретінде жұмысқа тартады. Бұл үшін 160–180 мың теңге көлемінде жалақы төлейді. Бұған қоса, біз 65 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйақысын беріп, арнайы форма ұсынамыз, — дейді жоба жетекшісінің орынбасары.
Дегенмен, Асылбек Бақытбекұлының айтуынша, "Жасыл ел" бағдарламасы аясында оқушылармен келісімшарт тек 1 айға жасалады.
— Жұмысқа сұраныс өте жоғары. Бізге күн сайын жұмысқа орналасқысы келетін жастардан және ата-аналардан көптеген өтініш келіп түседі. 5 200 орынға 30 мыңнан астам сұраныс түсіп отыр. Өйткені Астанада 14 жастан асқан оқушылар мен студенттердің саны өте көп, — деді ол.