| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында бір отбасының хабар-ошарсыз кетуі жаңа деректердің пайда болуымен тағы да күрделенді, - деп хабарлайды Dauletten.kz. Ақжайық басылымына сілтеме жасап.
Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың қазан айынан бері хабар-ошарсыз. Максот Қарабалин, жұбайы Насип Үтешқалиева және олардың балалары Мирагүл мен Наурыздың тағдыры әлі күнге белгісіз. Отбасының кенет жоғалуы туыстары мен жергілікті тұрғындардың алаңдауына себеп болды.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметтер бойынша, жоғалған отбасы мүшелеріне тиесілі SIM-карталар әлі де қолданылып келеді. Белгісіз дереккөздің айтуынша, бұл нөмірлер арқылы мессенджерлерге кіру әрекеттері жасалған және кейде карталардың геолокациясы Өзбекстан аумағында тіркелген.
Ақпаратты таратушы адам мемлекеттік жүйелерді бұзбағанын, тек ашық көздер мен техникалық талдауды пайдаланғанын жеткізген. Сонымен қатар ол өзінде күмәнді тұлға барын айтқан.
- Мен ешқандай жүйені бұзған жоқпын. Ашық деректерді ғана талдадым. Байқауымша, SIM-карталар белсенді, бұл елеулі күдік тудырады, — деп жазған ол.
Отбасының туыстары соңғы айларда зейнетақы төлемдері біреу арқылы шешілгенін және үйдегі малдың WhatsApp арқылы сатылғанын хабарлаған. Хат-хабарлардың жоғалған ұлдың атынан жазылған болуы мүмкін делінеді.
Мемлекеттік тіркеу жүйесінде отбасы мүшелерінің Қазақстан шекарасынан өткендігі туралы ресми ақпарат жоқ. Дегенмен Түркістан облысы аумағында бейресми өткелдер бар екені айтылып, олар арқылы адамдар шекарадан өтуі мүмкін.
Атырау облысының полиция департаменті төрт адамға да іздеу жариялап, тергеу жұмыстарын жалғастыруда. Құқық қорғау органдары SIM-карталардың қолданылуы мен банктік операцияларды әлі тексеріп жатыр.
Қоғамда жаңа мәліметтер мен қауесеттер оқиғаны одан әрі күрделендіріп отыр. Туыстары мен тұрғындар отбасының тағдырына қатысты ресми хабарды күтуде.