Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
«12 жастағы шәкіртім 97 тоқыма аяқ киім сатып, жарты миллион теңге тапты»: Хоббиін кәсіпке айналдырған қолөнерші
Менің кәсібім

«12 жастағы шәкіртім 97 тоқыма аяқ киім сатып, жарты миллион теңге тапты»: Хоббиін кәсіпке айналдырған қолөнерші

09.02.2024
4 мин
3
9191

Тоқыма тоқу – ертеден келе жатқан қолөнер түрі. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген сөз тегін айтылмаса керек. 23 жастағы Шырын Жәнібекқызы апасынан дарыған өнер арқылы бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған жас ана. Ол Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Қарақыстақ ауылында туып өскен. Негізгі мамандығы - қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Хоббиін кәсіпке айналдырған Шырын Жәнібекқызы қазір түрлі тоқылған бұйымдар сатып, тоқыма тоқуды үйрететін «Өрнек» орталығының негізін қалаушы.


— Шырын ханым, сұхбатымызды неге тоқыма тоқу деген сұрақтан бастайықшы. Жалпы кәсібіңізді қалай бастадыңыз?

— Мен кішкентайымнан апамның қолында болдым. Апам ісмер, шебер кісі еді. Көрпе көктеп, жүн түтіп, ұршық иіріп, тоқыма тоқитын. Соның барлығын көзім көріп өсті. Сол кезден бастап қаныма сіңген өнер болу керек. Солай ермек ретінде қолөнермен айналысатынмын. Университет қабырғасында жүріп заттарымды сатып бастадым. Кейін ақырын бизнеске айнала бастады. Өзім де ақша тауып отырған ісімді әрі қарай дамытамын деп түрлі идеяларды қарастыра бастадым. Қытайлықтар, түріктер, жалпы шет елдіктер тоқитын аяқ киімдерді көріп, қатты қызыққаным сонша, бірден бастап кеттім. Осылайша сүйікті хоббиімді бизнеске айналдырдым.

— Қазір жаныңызда неше тоқымашы жұмыс істейді? 

— Негізі біз қазіргі таңда үлкен «Өрнек» деген орталықпыз. Ол орталықта 20-дан астам адам жұмыс істейді. Тоқып сататын тоқымашылар да, үйрететін ұстаз-тоқымашылар да бар. Сұраныс көп болғандықтан, тоқып, дайын өнімдерді сатумен қатар, қызығушылығы бар әйел адамдарды оқытатын курс та өткіземіз. 

— Бүгінгі таңда тұрақты тапсырыс берушілер бар ма? Сіздер тоқитын бұйымдардың ерекшелігі неде?

— ⁠Иә, әрине, кәсібімді бастаған кезден бері тапсырыс беретін тұрақты клиенттерім көп. Тіпті, кейде өзім үлгермей жатсам, басқа тоқымашыларға тоқытамын. Негізі тоқылған аяқ киімдер өте ыңғайлы болады. Сол үшін де тоқылған аяқ киімдерге сұраныс жоғары.

— Өзіңіздің айлық табысыңыз орта есеппен қанша? Тоқыма кәсібінен жақсы табыс табуға бола ма?

— Бала бағып, үй шаруасымен жүріп, тек тоқып сататын таза өзімде қалатын табысым 500 мыңнан жоғары. Одан бөлек тоқыма тоқу курсын өткіземін, ол енді бөлек табыс көзі. 

— Шырын ханым, айтыңызшы, тоқыма тоқудың қандай пайдасы бар? Бұл қолөнер түрі не нәрсеге үйретеді?

— Тоқыма - ол терапия. Мидың дамуы, қан айналымы, стресс, депрессияға жақсы. Сондай-ақ, деменцияның алдын алады, маториканы дамытады, есте сақтау қабілетін арттырады. Тоқып отырғанда бар уайымыңды ұмытып, миың біраз тынығып қалады. Бізден курс алған шәкірттердің арасында дәрігердің нұсқауымен келген ханымдар көп. Қолдары дірілдеп, өзін-өзі басқара алмай қалатын әйел адамдар да келеді. Сонымен қатар, есте сақтау қабілеті нашар әжелеріміз де осы өнерді үйренуге келіп жатады. Дәрігерлер тоқыма тоқуға кеңес беретінінің өзі пайдасы көп екенінің дәлелі. 

— Қазір шәкірттеріңіздің саны қанша? Сізден тоқуды үйренгендер табыс тауып отыр ма?

— Біздің ⁠7000-нан астам шәкірттеріміз бар. Курсқа тек қазақстандықтар емес, көршілес елдерден де әйелдер қатысады. Қазіргі таңда біраз шәкіртім кәсіпкер атанып, табыс тауып отыр. Мысалы, Гүлжан ханым біздің курсқа дейін 150 мың теңге айлыққа азық-түлік дүкенінде кассир болып жұмыс істейтін. Қазір ол жұмыстан шығып, тек қолөнермен айналысады. Айлық табысы 300 мыңнан жоғары. Одан бөлек, 12 жастағы Қызылордалық Әсел деген кішкентай шәкіртіміз 97 аяқ киім сатып, 485 мың теңге табыс тапты. Осы сияқты бала күтіміне байланысты үйде отырған, зейнеттегі әйелдер табыс тауып өздерін дамытып жатыр. Бұл біздің орталық үшін үлкен мақтаныш.

— Орталықта тоқымаға арналған жіпті қайдан аласыздар? Олар сапасы жағынан әртүрлі бола ма?

— ⁠Жіптердің сапасы, құрамы әртүрлі болады. Біз жіп, табан, жалпы керек заттарды шетелден алдырамыз. Көбіне Қытай мен Түркиядан тасымалдаймыз. Шәкірттеріміздің 70% үлкен кісілер болғандықтан қолжетімді болсын деген мақсатпен арнайы қолөнер дүкенін аштық. Өйткені, көбіне, егде жастағы апалар шетелден тапсырыс беремін деп алаяқтарға алданып қалып жатады. 

— Әлеуметтік желіден басты фокусты үйге киетін аяқ киімдерге қойғандарыңызды байқадым. Аяқ киім тоқу үшін қанша уақыт кетеді? Оған қандай құралдар керек?

— Негізі бір аяқ киімді тоқу үшін айтарлықтай көп зат керек емес. Атап айтатын болсам, аяқ киімнің табаны (1100 тг), жіп (500 тг) және ілмек (200 тг) керек. Уақыт жағынан, 2-3 сағатта тоқи саласыз. Баға жағынан да, уақыт жағынан да тиімді.

— Тоқылған аяқ-киімдердің ерекшелігі мен пайдасы қандай? 

⁠— Әрине, пайдасы бар. Аяқ киім табаны бамбуктен жасалғандықтан аяққа ыңғайлы, жағымсыз иіс шығармайды, кез келген формадағы аяққа арнайы тоқыла береді. Сонымен қатар, артрит және артрозы бар, аяқ сүйегі шыққан адамдарға таптырмайтын зат. Себебі, қолдан тоқылғандықтан сүйегі шығыңқы адам кисе қыспайды, қажамайды әрі аяққа ыңғайлы. 

— Тоқылған аяқ киімді қалай күту керек? Қалай жуған дұрыс?

— Негізі аяқ киімнің табанның түріне қарай күтімі әрқалай. Бірақ көпшілігін кір машинасына салып жуа берсе болады. Ол үшін арнайы күтім жасап, әуре-сарсаңға салынудың қажеті жоқ. 

— Тоқымамен айналысқысы келетін әйелдерге қандай кеңес айтасыз? Неден бастау керек?

— Қазір қоғамда күміс жастағы адамдар өте көп. Ол дегеніміз 50 жастан асқан жұмысқа жарамсыз, зейнет жасына жетпеген адамдар. Сондай кісілерге бұл өнер өте жақсы табыс көзі. Үйде отырған апалар, қыз-келіншектер кіші өнеркәсіпті дамытып, ешқайда шықпай-ақ, табыс табуға мүмкіндіктері бар. Үйренемін деген жандарға ешқашан кеш емес. Бұл өнер біздің қанымызда бар. Бар болғаны әр адам ішіндегі шеберді ояту керек. Сондықтан ең алғашқы қадам ол - іздену, үйрену, әрекет ету. Содан кейінгі ризық несібе өзі-ақ келеді. Сол үшін айтпағым білім алудың ерте кеші жоқ. Үйреніңіз, дамыңыз, табыс табыңыз. 

— Сұхбатыңызға рахмет! Кәсібіңізге өрге жүзе берсін!
 

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
3 Пікір
Б
Бахытгуль 13.02.2024
Керемет
Жауап беру
А
Айша 09.02.2024
Керемет! Қанымызда бар өнер
Жауап беру
Ж
Жанар 09.02.2024
Керемет???????? тоқыма тоқысаң медитация, сатсаң табыс қой.
Жауап беру
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл