| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда 2027 жылдан бастап салық органдарының хабарламаларын орындамаған маркетплейс сатушыларының сауда жасау мүмкіндігін шектеу ұсынылып отыр, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Тиісті норма Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер жобасында қарастырылған.
Қазақстанда маркетплейс арқылы сауда жасайтын кәсіпкерлер үшін жаңа талап енгізілуі мүмкін. Егер сатушы салық органдарының анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы хабарламасын орындамаса, оның маркетплейстегі саудасы уақытша тоқтатылуы ықтимал.
Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексін 89-1-баппен толықтыруды ұсынған. Құжат қазір «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.
Жаңа норма бойынша салық органы сатушыға екі жағдайда хабарлама жібере алады. Біріншісі – салық заңнамасын бұзу деректерін жою туралы талап. Екіншісі – камералдық бақылау кезінде анықталған алшақтықтарды жою туралы хабарлама.
Егер белгіленген мерзімде талап орындалмаса, салық органы хабарламаны орындау мерзімі аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде интернет-алаң арқылы сауданы тоқтата тұру туралы шешім қабылдай алады.
Бұл шешім маркетплейстің өзіне жіберіледі. Одан кейін интернет-алаң иесіне сауданы тоқтатуға тағы үш жұмыс күні беріледі.
Яғни жаңа механизм тікелей салық органының сатушы аккаунтын өз қолымен жабуына емес, маркетплейс арқылы сауданы тоқтатуға негізделген. Шектеу заңбұзушылыққа себеп болған жағдайлар жойылғанға дейін қолданылады.
Сатушы талаптарды орындап, бұғаттауға себеп болған мәселені жойған жағдайда, салық органы шектеуді тоқтату туралы шешім шығарады. Оны алғаннан кейін маркетплейс бір жұмыс күні ішінде сауданы қайта бастауға тиіс.
Бұл өзгерістің енгізілуіне маркетплейстердегі сауда көлеміне жүргізілген талдау себеп болған. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, мұндай алаңдар арқылы 2 триллион теңгеден астам тауар сатылған. Оның ішінде 200 миллиард теңгеден астам сауда тауардың шығу тегін растайтын құжаттарсыз жүргізілген.
Осыған байланысты мемлекет маркетплейстердегі саудаға салықтық бақылауды күшейтуді көздеп отыр. Бұған дейін де Салық кодексіне салық органдарына шетелдік интернет-алаңдарды бақылауға және тіркелмеген кәсіпкерлік қызметті анықтауға қосымша мүмкіндік беретін өзгерістер енгізу жоспарланғаны хабарланған.
Ұсынылып отырған норма 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізілуі мүмкін.