| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда балабақшадан бастап барлық білім беру ұйымдарында медиация жүйесі енгізілмек. Бұл бастама оқу ортасындағы дауларды өршітпей шешуге және буллингтің алдын алуға бағытталады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі білім беру мекемелерінде өзара түсіністікті нығайтуға арналған жаңа жүйені іске қосуды қолға алды. Жоба мектепке дейінгі ұйымдарды, мектептерді және техникалық-кәсіптік білім беру орындарын қамтиды.
Медиация тетігі білім алушылар, педагогтер мен ата-аналар арасында туындайтын түрлі келіспеушіліктерді бейбіт келісім арқылы реттеуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл дау-дамайды ушықтырмай, тараптардың ортақ мәмілеге келуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар бастама балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен психологиялық қысымды азайтуға ықпал етпек.
Мектепке дейінгі ұйымдарда аталған жүйе тәрбиешілер мен ата-аналарға балалар арасындағы түсініспеушіліктерді дер кезінде шешуге көмектеседі. Соның нәтижесінде бүлдіршіндер кішкентайынан бір-бірімен тіл табысуды, өзара келісімге келуді және жанжалдарды бейбіт жолмен шешуді үйренеді.
Ал колледждерде медиация студенттер арасындағы кикілжіңдерді реттеудің тиімді құралына айналмақ. Бұл өз кезегінде қорқыту мен қысым көрсету әрекеттерінің алдын алып, жастар арасында сыйластық мәдениетін қалыптастыруға әсер етеді.
Жаңа жүйенің бірыңғай жұмыс істеуі үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы дайындаған әдістемелік құжаттар басшылыққа алынады. Онда жанжалдардың алдын алу, оларды тиімді шешу және агрессиялық мінез-құлықты төмендету жолдары қамтылған.
Медиация топтарына білім беру ұйымдарының басшылығы, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтер, ата-аналар қауымдастығының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері және жас ерекшеліктеріне байланысты білім алушылар да қатыса алады.
Айта кету керек, мұндай тәжірибе бұған дейін «100 медиативтік мектеп» жобасы аясында сынақтан өткен. Аталған жоба оқу орындарындағы өзара түсіністікті арттыруға және қолайлы психологиялық орта қалыптастыруға оң әсерін тигізген.