| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда банктер арасындағы QR төлемдерін біріктіретін жаңа жүйе жұмысын бастады. Енді кәсіпкерлер бір ғана терминал арқылы әртүрлі банктің клиенттерінен төлем қабылдай алады. Сонымен бірге комиссияны бөлу тәртібі де белгілі болды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда Бірыңғай QR жүйесі енгізіліп, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға жаңа мүмкіндік пайда болды. Бұл жүйе арқылы сатып алушылар өздері пайдаланатын банкке қарамастан кез келген QR кодпен төлем жасай алады.
Жаңа механизмнің арқасында кәсіпкерлерге бірнеше банктің QR жүйесін қатар қолданудың қажеті жоқ. Бір POS-терминал арқылы әртүрлі банктің клиенттерінен төлем қабылдау мүмкіндігі беріледі.
Сатып алушылар үшін бұл қызмет қосымша ақысыз ұсынылады. Ал кәсіпкерлер төлейтін комиссия көлемі өзге банктің картасымен жасалған төлем үшін белгіленген мөлшерден аспауға тиіс.
Комиссия бірнеше қатысушы арасында бөлінеді. Оның бір бөлігі төлем жасаған клиенттің банкіне түсіп, сол қаражат есебінен кэшбек пен бонустық бағдарламалар қаржыландырылады. Қалған қаражат кәсіпкерге қызмет көрсететін банкке аударылады. Бұдан бөлек, банктер Бірыңғай QR инфрақұрылымын пайдаланғаны үшін Ұлттық төлем корпорациясына операторлық төлем төлейді.
Ұлттық Банктің мәліметінше, жаңа жүйе іске қосылғаннан бері бір миллионға жуық төлем операциясы орындалған.
Бірыңғай QR-дың ең үлкен артықшылығы – төлем нарығын банктерге емес, тұтынушыға ыңғайлы етуге ұмтылуы. Бұрын көптеген кәсіпкер әр банктің QR кодын жеке орнатуға мәжбүр болса, енді бір жүйе арқылы барлық клиентке қызмет көрсете алады. Бұл шағын бизнеске шығынды азайтып, қызмет көрсету процесін жеңілдетуі мүмкін.
Сонымен бірге жаңа жүйенің тиімділігі комиссияның қаншалықты төмен болатынына байланысты. Егер банктер кәсіпкерлер үшін қолайлы тариф ұсына алса, Бірыңғай QR қолма-қол ақшасыз төлемнің негізгі құралына айналуы ықтимал.