| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында электр стансаларын жөндеуге 384 млрд теңге бөлінеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9% көп. Қаражат энергия нысандары иелерінің есебінен, электр энергиясының тарифі арқылы қалыптастырылады, - деп хабарлайды Dauletten.kz сайты Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Үкіметтің мәліметінше, халықты жылу және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында елімізде энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және коммуналдық желілерді жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Өткен жылыту маусымының нәтижелері
2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық барысында электр стансаларын жөндеуге 348 млрд теңге, ал жылу желілерін жаңартуға 129 млрд теңге бағытталды.
Осы кезеңде:
• 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді;
• 17 мың шақырым электр беру желісі жаңартылды;
• 420 қосалқы станса жөнделді;
• 323 шақырым тозған жылу желісі ауыстырылды.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде электр стансаларындағы жабдықтардың орташа тозу деңгейі 53%-ға, жылу желілерінде 50%-ға, ал электр желісі нысандарында 66,2%-ға дейін төмендеген.
Сонымен қатар, өткен жылдың желтоқсан айындағы ең жоғары жүктеме кезінде энергетикалық жүйе 17,3 ГВт қуат өндіру арқылы тұрақты жұмыс істеген. Республика бойынша тұрғын үйлердегі температуралық режимнің бұзылу жағдайлары үш есеге азайып, 65-тен 21 жағдайға дейін төмендеген. Электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар 15%-ға, ал электр желілеріндегі ақаулар 12%-ға қысқарған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде бес жылу электр орталығы тәуекелдің «қызыл» аймағынан «сары» аймаққа ауыстырылса, тағы үш ЖЭО «жасыл» аймаққа өткен.
Биылғы жөндеу жұмыстары
2026 жылы еліміз бойынша:
• 9 энергоблокқа;
• 55 қазандыққа;
• 51 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Қазіргі таңда екі энергоблок толық дайын. Тағы екі энергоблокта жөндеу жалғасып жатыр. Сондай-ақ 13 қазандықтың жөндеуі аяқталып, 27 қазандықта жұмыс жүргізілуде. Сегіз турбина пайдалануға берілсе, 16 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Бұдан бөлек, республика бойынша қосалқы жабдықтардың 500-ден астам бірлігіне жоспарлы ағымдағы жөндеу жүргізілуде.
Электр және жылу желілерін жаңарту
Желілік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да жоспарға сәйкес жалғасуда.
Қазіргі уақытта:
• 6,3 мың шақырым электр беру желісі;
• 135 қосалқы станса;
• 1 253 тарату пункті жөнделді.
Жыл соңына дейін 17 мың шақырымнан астам электр беру желісі мен 3,4 мыңнан астам тарату пунктін жаңарту жоспарланған.
Жылу желілеріне қатысты жоспарланған 377 шақырым құбырдың 65 шақырымы пайдалануға дайын болса, тағы 278 шақырымында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бақылаудағы энергетикалық нысандар
Қазіргі уақытта тәуекелдің «қызыл» аймағында тұрған бес энергетикалық нысан ерекше бақылауға алынған. Олар:
• Семей ЖЭО;
• Орал ЖЭО;
• Тараз ЖЭО;
• Ақтау қаласындағы ЖЭО-2;
• Теміртаудағы ГРЭС-1.
Жыл қорытындысы бойынша электр стансаларындағы жабдықтардың орташа тозу деңгейін 52%-ға дейін төмендету көзделіп отыр.
Отын қоры және цифрлық бақылау
Үкімет мәліметінше, қазіргі таңда энергия көздерінің қоймаларында шамамен 3,5 млн тонна көмір мен 143 мың тонна мазут қоры жинақталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық.
Жаңа жылыту маусымында тұрғындар мен коммуналдық сектор үшін 7,3 млн тонна көмір қажет болады.
Көмір жеткізуді тұрақтандыру мақсатында:
• «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы шамамен 18,3 мың жартылай вагон бөлді;
• 15 тамыздан бастап республикалық штаб көмір жеткізу мен бағаның негізсіз өсуіне бақылау жүргізеді;
• көмірдің өндірушіден өңірлік қоймаларға дейінгі қозғалысын қадағалайтын цифрлық бақылау құралдары енгізілуде.
Үкіметтің хабарлауынша, барлық жөндеу және дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр және қазіргі уақытта жоспардан кешігу тіркелмеген.