| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын бір жерден алуға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық сервис іске қосылады. Кәсіпкерлер енді әр оператордың сайтына бөлек кірмей, өтінімді бір кабинет арқылы бере алады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуін жеңілдететін «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» пилоттық жобасы іске қосылады.
Жаңа жүйе бизнестің уақытын үнемдеуге бағытталған. Кәсіпкер қажетті қолдау түрін бір жерден іздеп, оның талаптарымен танысып, өтінімді онлайн жолдай алады.
Жүйеде мемлекеттік қолдау шараларын санаттар мен операторлар бойынша сұрыптау мүмкіндігі болады. Кәсіпкер қандай құжаттар қажет екенін алдын ала көріп, өтінімін толтырып, оған ЭЦҚ арқылы қол қояды.
Өтінім жіберілгеннен кейін оның қай кезеңде тұрғанын да бақылауға болады. Қаралу барысы мен тарихы жеке кабинетте көрсетіледі, ал қабылданған шешім де сол жерден беріледі.
Жаңа жүйенің маңызды ерекшелігі – өтінім бермей тұрып автоматты тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар скоринг арқылы кәсіпкердің белгілі бір қолдау шарасына қойылатын талаптарға сәйкестігі бағаланады.
Егер бизнес талаптарға сай келмесе, жүйе өтінім беруге не себепті мүмкіндік жоқ екенін көрсетеді. Ал талаптардың барлығы орындалса, «Цифрлық үкімет» деректері негізінде кейбір қажетті құжаттар автоматты түрде қалыптастырылуы мүмкін.
Яғни кәсіпкерге әр мемлекеттік қолдау бағдарламасы үшін жеке портал іздеп, бір ақпаратты қайта-қайта енгізудің қажеті азаяды. Жаңа кабинет бизнестің қолдау алу процесін іздеуден бастап өтінім нәтижесін алғанға дейін бір жүйеге біріктіруге бағытталған.