| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
eGov Mobile қосымшасында «Әділет» партиясына онлайн мүшелікке өтініш беру қызметінің іске қосылуы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жаңа сервиске қатысты азаматтар мен сарапшылар мемлекеттік платформаның саяси мақсатта пайдаланылуына байланысты түрлі пікір білдіруде, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
eGov Mobile платформасында «Әділет» партиясына мүшелікке онлайн өтініш беру мүмкіндігі пайда болды. Жаңа сервис азаматтарға партия қатарына қосылу рәсімін қашықтан жүзеге асыруға жол ашады.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бұл қызмет партияның өтініші негізінде енгізілгенін хабарлады. Компания өкілдері ұйымның тек техникалық интеграцияға жауапты екенін, саяси партиялардың қызметіне араласпайтынын және барлық ұйымдарға тең мүмкіндік қарастырылғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта мұндай сервиске сұраныс білдірген жалғыз саяси ұйым – «Әділет» партиясы.
Алайда бастама қоғамда қызу пікірталас тудырды. Журналист Риза Тұрдақынқызы мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған платформаның саяси партияны мүшелікке қабылдау құралы ретінде пайдаланылуына күмән келтірді.
Оның пікірінше, салық төлеушілер қаржысына құрылған мемлекеттік цифрлық платформа арқылы жаңадан құрылған партияның мүше тартуының құқықтық негізі нақты түсіндірілуі қажет. Сондай-ақ журналист бұл шешімнің қабылдану себептеріне қатысты сұрақтар қойып, мемлекеттік ресурстардың саяси ұйымдардың мүддесіне пайдаланылмауы керектігін атап өтті.
Еске салайық, Әділет партиясы құрылғаны туралы 2026 жылғы сәуірде жарияланған болатын. Партия төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланған. Ал саяси кеңес құрамына Бағдат Мусин, Динара Зәкиева, Марат Шибутов, Рауан Кенжеханұлы және басқа да белгілі тұлғалар енген.
Жаңа сервиске қатысты қоғамдық талқылау әзірге жалғасып жатыр.