| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Биыл Қазақстанда бұрын-соңды болмаған көлемде жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар елдегі ақылы автожолдардың ұзындығы да айтарлықтай ұлғайып, тағы алты жаңа бағыт іске қосылады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
2026 жылы Қазақстанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жалпы ұзындығы 11 мың шақырым автожолды қамтып отыр. Бұл – соңғы жылдардағы ең ауқымды жол инфрақұрылымы жобаларының бірі.
Үкіметтің мәліметінше, оның 3,4 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдарды салу және қайта жаңғырту жұмыстарына тиесілі. Бұдан бөлек, 5 мың шақырым республикалық трассада күрделі және орташа жөндеу жүргізілуде. Ал жергілікті маңызы бар 2,4 мың шақырым жол жаңартылып жатыр.
Сонымен бірге елімізде ақылы автожолдар желісі кеңейеді. Жақын уақытта жалпы ұзындығы 1,6 мың шақырымды құрайтын алты жаңа бағыт пайдалануға беріледі. Олар – Қарағанды–Балқаш, Бурылбайтал–Күрті, Ақтөбе–Қандыағаш, Талдықорған–Өскемен, Атырау–Астрахань және Мерке–Шу бағыттары.
Осының нәтижесінде Қазақстандағы ақылы автожолдардың жалпы ұзындығы 4,9 мың шақырымнан 6,7 мың шақырымға дейін артады.
Сарапшылардың пікірінше, жолдардың сапасын арттыру – қауіпсіздік пен логистиканы жақсартудың маңызды қадамы. Дегенмен жүргізушілер үшін басты мәселе – ақылы жолдардың көбеюі емес, төленген қаражатқа сай сапалы жол мен тұрақты қызметтің қамтамасыз етілуі. Сондықтан жаңа жобалардың тиімділігі олардың санына емес, нақты нәтижесіне қарай бағаланбақ.