Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Қазақстан мен Түркиядағы кәсіпкерліктің айырмашылықтары
Менің кәсібім

Қазақстан мен Түркиядағы кәсіпкерліктің айырмашылықтары

26.05.2020
3 мин
3
5623

Адамзат дүниеге келгеннен өзіне негізі мақсат етіп қояр бір дүние болса, ол – адал еңбекпен нан табу. Осы жолда қаншама ұлылардың сөзін, қазағымыздың даналығын үлгі етіп, бойындағы тектілікпен ата кәсіпті жалғастырып жүрген Түркия елінде тұратын қандасымыз, «Ыстамбұл өндірісші-кәсіпкерлер палатасының» кеңесшісі, жеке кәсіпкер Erol Yolcu мырзаның берген әсерлі сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

- Аға, сонау Түркияда отырып, уақытыңыздың тығыздығына қарамастан, сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет! Жалпы өзіңіз туралы, бүгінде дамытып отырған кәсібіңіз жайлы айта кетсеңіз...

Бүгінде Түркияның Ыстамбұл қаласында өмір сүріп жатқан қазақтардың бірімін. Кәсіпкерлікпен айналысып жүргеніме де талай жылдар болды. Негізгі кәсібім ретінде пластик, линолеум, дермантин сияқты тауарларды өндіретін зауытымды айтсам болады. Сонымен қатар «Ыстамбұл өдірісші-кәсіпкерлер палатасында» тоғыз жыл сектор кеңесшісі ретінде қызмет атқардым. Екі жылдан бері «Сауда өнеркәсіп палатасы» мен «Пластик өнеркәсібінде» пластик бойынша секторының кеңесшісі қызметін атқарамын. Сондай-ақ Түркияда өмір сүретін қандастардың бірлігін нығайту, жастардың білім алуы мен зерттеулеріне көмек беру үшін ашылған «Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығының» төраға орынбасарымын. Қай ісімді алып қарасам да, палаталарда кеңесші болған соңғы 10-11 жыл болсын, өнеркәсібім болсын, барлығы да маған ерекше жақын. Себебі осы кәсіптердің арқасында қаншама адамдармен танысып, араласып, іскерлік қарым-қатынастар жасап, әлеуметтік, рухани жағынан дамуыма септігін тигізді десем, артық айтқандық емес.

- Бәрекелді, аға! Жалпы осы кәсіпкерлікке келуіңізге не себеп болды?

Марқұм әкем бала кезімізде пластик өндіретін зауытты ашқан болатын. 13-14 жасымнан әкеме көмектесіп, осы зауытта істей бастадым. Әрине, мектептегі оқуымды да қатар алып жүрдім. Сол кездің өзінде тауар өндірудің кереметін сезініп, ақша табудың да маңдай термен келетінін түсіндім. «Еңбекпен келген нанның дәмі тәтті» демекші, адал емес, адамның рухын көтеріп, ерекше дем береді. Сондықтан «Ата кәсіпті» жалғастырып келе жатқан жандардың бірімін.

- Қазақстан мен Түркиядағы кәсіпкерлікке, өнеркәсіптерге байланысты қандай 3 айырмашылықты айтар едіңіз?

Түркияда 1950 жылдан бастап индустрияда үш түрлі деңгейде дамыды. Яғни, шағын, орта және ірі зауыттар бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс атқара отырып, жақсы дамыған. Ал Қазақстанда ірі-ірі үлкен зауыттардың барын әр сапарымда көрдім. Мысалы, дермантин шығаратын зауытты алып қарасақ, оны кесіп-пішіп әртүрлі тауарлар жасап шығарғанмен, сәйкесінше сол дүниелерді тұтынып, оны халыққа ұсынатын орташа, шағын өнеркәсіптердің болмауы үлкен кемшілік деп айтар едім. Егер де шикі, жартылай шикі заттарды өндіретін ірі өнеркәсіп орындарының, зауыттардың болуы бір мемлекеттің дамуына аздық етеді. Істеген жұмыс тек шикізат өнімдерін шығарумен ғана жартылай жұмыс болып қалады деп айтар едім. Мемлекеттің қай жағынан дамуын қаласақ, сол жағынан өндірілген тауарлар мемлекеттің ішкі өнімі ретінде пайдалануына аса мән беру керек. Яғни, үлкен өнеркәсіп, зауыттардың астында орташа, шағын кәсіпорындар болуы абзал. Бұл бір. Екіншіден, кейіннен іске асырыла бастаған «алып-сату» кәсіптерін айтар едім. Бұл да атамекенімізде өте қатты дамымаған. Мен 1990 жылдардан бері қанша рет келдім. Сол кездерде алдаушыларға тап болған кездерім де көп болды. Бұл нені білдіреді? Біздегі осы «алып-сату» бизнесінің формуласын дұрыс түсінбегеннен болып жатқан дүние. «Алып-сатуда» негізгі кіргізетін жүйе – кредиттік жүйе. Мысалы, Түркияда 1984 жылдан бері жақсы араласатын клиентіміз бар. Ол кісі Түркияның басқа қаласында тұратындықтан 36 жылдан бері тұрақты клиентіміз болса да, өмірде көрген емеспін. Мүмкіндік болмады. Дегенмен де, жылына кем дегенде 5-6 рет тапсырыс беріп тұрады. Бір аптаның ішінде тауарды жібереміз. Бір айдан кейін ол алған заттарының ақшасын береді. Осы уақытқа дейін ешқашан қорыққан емеспін, ол менің ақшамды бермей кетеді деп... Бұл кәсіпкерлер арасындағы сенімге негізделген байланыс десем де болады. Мұның арқасында екі тарап та кәсіптерін дөңгелетіп отырады. Яғни кредиттік жүйе осылай жұмыс істеудің арқасында (үлкен сенімге құралған) кәсіп те, экономика да жақсы деңгейде болады. Үшіншіден, сырттан тауар кіргізуді азайту үшін, ішкі өнімдерді өндіретін шағын, орта кәсіпорындарды, зауыттарды көбейту керек деп білемін.

- Кәсіп бастаймын деген жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз болса...

Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде: «Рыздықтың оннан тоғызы – саудада, оннан бірі – батылдықта» - дейді. Саудаға, кәсіпке ұмтылу керек. Қанша көп жалақы алсаңыз да, сол жалақыға сай шығыныңыз болады. Себебі әр адамның өмір сүру стандарты болады. Сондықтан саудаға ұмтылыс болу керек. Әрі сенімді адам болу керек. Бұл әлемдік деңгейдегі дүние. Егер алушыны тапсаңыз, тезек – алтын, ал егер алушыны таппасаңыз, қолдағы алтын – тезек. Оның ешқандай құны жоқ деген сөз! Сол үшін адам тану керек! Сонымен қатар әр жан өз қабілетіне қарай істі қолға алған жөн. Неге икеміңіз бар, соны кәсіпке айналдырсаңыз, табысқа жетпей қоймайсыз! Бұл – өз ісіңізге деген махаббаты арттырады. Жалпы өндірісті, жаңадан өнім шығару деген дүниені жақсы көретін жан ретінде айтарым, ағаш егіп, оның жемісін жеген кезде алған ләззаттыңызды ешқашан ұмытпайтыныңыздай, кәсіп бастап, соның нәтижесін көрген кездегі сезім де ерекше болады. Кейін онсыз өмір сүре алмайтын дәрежеге жетесіз! Сондықтан жастарға, кез келген кәсіп бастағысы келетін жанға айтарым, баста! Жеңіске жет! Еліңе, өзіңе қызмет ет!

- Қазақстанда кәсіп бастау немесе жастарды кәсіпкерлікке үйрету ойыңызда бар ма?

Қазақстанда іссапармен келген кездерім өте көп. Қатты жемісті болмады десем болады. Дегенмен атамекенде кәсіп бастап, экономикасының дамуына үлес қосу үнемі ойда жүрген дүние. Бірақ әзірге қашан, қалай боларын нақты айта алмаймын. «Отандастар» қорының «Атамекен» іскерлік үйі» жобасына арнайы шақырту алып, Түркия мен Еуропа кеңесшісі ретінде сайландым. Осы арқылы да атамекенге пайдамыз тисе екен деген ниет бар. Қазіргі төтенше жағдай кезінде  сауда жүйесі де басқа арнаға бұрылды. Яғни, интернет арқылы сауда ерекше дамыды. Мұнымен айтайын дегенім, қазақ жастары үшін фабрикалармен іскерлік байланыс орнатып, сауда жасауға, үйренуге таптырмас мүмкіндік туып отыр. Бүкіл әлем білетін сауда сайттары сияқты Қазақстанда да интернет арқылы сату сайттарын ашып, әлемге оны танытуға керемет мүмкіндік бар деп ойлаймын. Шығыны да аз, сонымен қатар интернетте көп уақыт өткізетін жастар үшін пайдалы жұмыс болар еді.

- Аға, берген әсерлі сұхбатыңыз үшін тағы да алғыс білдіреміз. Атамекенге келіп, жастарға ақыл-кеңесіңізді айта жүресіз деген ниеттеміз. Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз!

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
3 Пікір
Е
Ернар 11.01.2021
Керемет сұхбат!Пайдалы болды,рахмет!
Жауап беру
Ж
Жанар 05.06.2020
Касипкер саудамен айналысу
Жауап беру
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл