| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
13 шілдеден бастап Қазақстанда білім беру гранттарына өтінім қабылдау басталды. Биыл талапкерлердің басты бәсекесі ҰБТ балы емес, мамандық пен университетті дұрыс таңдау болмақ. Себебі жыл сайын жоғары балл жинағандардың өзі стратегиялық қателіктің кесірінен грантсыз қалып жатады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Бүгіннен бастап елімізде жоғары оқу орындарының білім беру гранттары конкурсына өтінім қабылдау ресми түрде басталды. Құжаттар 20 шілдеге дейін қабылданады. Осы аралықта талапкерлер өтініштерін университеттердің қабылдау комиссиялары арқылы офлайн, виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн немесе eGov порталы арқылы жолдай алады.
Конкурсқа қатысу үшін жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3×4 көлеміндегі фотосурет және мектеп аттестаты немесе колледж дипломы қажет. Ал жеңілдетілген санат бойынша қатысатын талапкерлер қосымша растайтын құжаттарын ұсынады.
Биыл да әр білім беру бағыты бойынша шекті балл сақталған. «Педагогикалық ғылымдар» мен «Құқық» бағыттарына кемінде 75 балл қажет болса, «Денсаулық сақтау» саласына – 70 балл. Ұлттық университеттерге құжат тапсыру үшін ең төменгі көрсеткіш – 65 балл. Ал өзге жоғары оқу орындарына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, ветеринария бағыттарына 50 балл жеткілікті.
Алайда тәжірибе көрсеткендей, грант тағдырын тек ҰБТ нәтижесі шешпейді. Көпшілік елемейтін ең үлкен қателік – талапкерлердің мамандықтарды дұрыс ретпен таңдамауы. Жыл сайын жоғары балл жинаған түлектер сұранысы тым жоғары мамандықтарға ғана өтініш беріп, тәуекелге барады. Соның салдарынан гранттан қағылып жататындар аз емес.
Биыл қабылдау науқаны кезінде ауыл жастары мен әлеуметтік осал топтарға арналған мемлекеттік квоталар да сақталды. Бұл санаттағы талапкерлер үшін грантқа қол жеткізу мүмкіндігі жоғарырақ болады.
2026 жылғы қабылдау науқанының тағы бір ерекшелігі – «Цифрлық университет» қағидатының жалғасуы. Өтініш қабылдау мен конкурстық рәсімдердің басым бөлігі автоматтандырылған. Бұл адами факторды азайтып, гранттарды бөлу процесінің ашықтығын күшейтуге бағытталған.
Білім беру гранттарының иегерлері 10 тамызға дейін белгілі болады. Ал оған дейін талапкерлер үшін ең маңызды кезең – осы жеті күн. Себебі дәл осы уақытта қабылданған шешім төрт жылдық оқу жолын ғана емес, болашақ мамандық пен мансап бағытын да айқындап береді.