| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстан Ішкі істер министрлігі азаматтарды әлеуметтік желідегі аккаунттар мен SIM-карталарды бөгде адамдарға пайдалануға бермеуге шақырды. Ведомство мұндай әрекеттер интернет-алаяқтық пен киберқылмысқа себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстан ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарға аккаунттар мен SIM-карталарды үшінші тұлғаларға берудің қауіпті екенін ескертті.
Департамент басқармасының бастығы Бейбіт Біржанов кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы түрлі ұсыныстарға алданып, ақылы түрде бөтен адамдар үшін SIM-карталарды рәсімдеу фактілері кездесіп жатқанын айтты. Кейін бұл нөмірлер басқа адамдардың пайдалануына берілетіні анықталған.
Министрлік мұндай әрекеттер заңсыз схемалар мен интернет-алаяқтықта қолданылуы мүмкін екенін атап өтті. Осыған байланысты ІІМ азаматтарға шығу тегі күмәнді SIM-карталар мен құрылғыларды сатып алмауға және таратпауға кеңес береді.
Сондай-ақ ведомство жеке аккаунттарды бөгде адамдарға пайдалануға бермеуге, мессенджерлерге тіркелген абоненттік нөмірлерді басқа біреуге тапсырмауға шақырды.
ІІМ ата-аналарға да үндеу жасап, балаларға мұндай әрекеттердің құқықтық жауапкершілігі мен салдарын түсіндіру қажет екенін ескертті. Егер күмәнді жағдайлар байқалса, азаматтарға құқық қорғау органдарына дереу хабарласу ұсынылды.