| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Тікелей эфирде балағат айтып, қауіпті пранк жасап немесе рөлде отырып эфир жүргізу енді жай «контент» емес, әкімшілік жауапкершілікке әкелетін әрекетке айналып отыр. Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желідегі заңсыз контентке қарсы бақылауды күшейтіп, ел бойынша 20-дан астам стримердің жауапқа тартылғанын мәлімдеді, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда интернет пен әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентке қатысты бақылау күшейтілді. ІІМ мәліметінше, «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында TikTok және басқа платформалардағы тікелей эфирлерге мониторинг жүргізіліп, заң талаптарын бұзған 20-дан астам стример жауапкершілікке тартылған.
Ведомствоның хабарлауынша, кейбір блогерлер мен стримерлер көп қаралым, лайк және донат жинау үшін эфир барысында балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, агрессивті мінез-құлық танытып, қауіпті пранктер ұйымдастырған. Қамауға алынғандар да бар.
Шымкент қаласының 48 жастағы тұрғыны Ербол Дүйсенбаев TikTok-тағы тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер қолданғаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Павлодар қаласында 26 жастағы Аслан Амантаев көлік жүргізіп отырып эфирге шыққан. Ол қауіпсіздік белдігін тақпаған және эфир барысында балағат сөздер айтқан. Сот оған 20 тәулік әкімшілік қамау тағайындады.
Талдықорған қаласының тұрғыны Гүлмира Қасенова да TikTok эфиріндегі қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Бұған дейін де осындай құқық бұзушылық жасағандықтан, бұл жолы оған әкімшілік айыппұл салынды.
Ал Түркістан қаласында «bayan_kyz», «fatima.sh0000» және «fatima_s003» никнеймдерімен танымал Баян Шанкеева тікелей эфирлерде бейәдеп сөздер айтып, агрессивті әрекеттер көрсеткені үшін жауапкершілікке тартылып, айыппұл алған.
Көпшілік мұндай жаңалықтарды «TikTok-та ұрысқан адамдарды жазалап жатыр» деп қабылдауы мүмкін. Бірақ ІІМ-нің қазіргі ұстанымы әлдеқайда кең.
Негізгі алаңдаушылық – мұндай эфирлердің кәмелетке толмаған балаларға еркін қолжетімді болуы. Бұрын көшедегі тәртіп бұзушылықты жүз адам көрсе, бүгін бір стримердің эфирін мыңдаған жасөспірім бірнеше минутта көре алады.
Соңғы жылдары әлеуметтік желіде жаңа құбылыс пайда болды: жанжал – табыс көзіне айналды. Кейбір стримерлер үшін балағат сөз, айқай, қорлау немесе қауіпті әрекет аудиторияны көбейтудің тәсілі болып кеткен.
Енді мемлекет дәл осы шекараны анық көрсетіп отыр: экранның ар жағында отырған адам заңнан тыс кеңістікте емес.
ІІМ цифрлық кеңістікті құқыққа қайшы контенттен тазарту жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, заң талаптары шынайы өмірде де, интернетте де бәріне бірдей қолданылады.