| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мемлекеттік тұрғын үй кезегінде алдыңғы орында тұрғандардың бәрі бірдей баспана алмайды. Себебі шешуші рөлді тек кезек нөмірі емес, азаматтың санаты, отбасы құрамындағы өзгерістер және заңда қарастырылған жеңілдіктер де атқарады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Көпшілік осы талаптарды ескермей, жылдар бойы кезек жылжымай тұр деп ойлайды. Мемлекеттік тұрғын үй алу мәселесінде ең көп тараған қате түсініктің бірі – «кезегім жақындаса, міндетті түрде пәтер аламын» деген сенім. Іс жүзінде жүйе бұлай жұмыс істемейді.
Ең алдымен, тұрғын үй кезегіне тұру үшін азаматтың және оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде жеке меншігінде тұрғын үй болмауы тиіс. Ал Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өтініш берушінің кемінде үш жыл тұрақты тіркеуде тұруы талап етіледі.
Көпшілік білмейтін тағы бір жайт – баланың 18 жасқа толуы ата-ананың тұрғын үй кезегіне ешқандай әсер етпейді. Отбасы бұрынғы мәртебесімен кезекте қала береді. Ал мүгедектігі бар балаға қатысты жеңілдік оның мүгедектік мәртебесі ресми тіркелген күннен бастап есепке алынады.
Заңдағы ерекше мүмкіндік жетім балаларға қарастырылған. Олар 29 жасқа дейін тұрғын үй кезегіндегі құқықтарын сақтай отырып, басқа өңірге ауыса алады. Мұндай құқық өзге санаттағы азаматтарға берілмеген.
Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік тұрғын үйлер кезек нөміріне ғана қарап бөлінбейді. Баспананың басым бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға, ардагерлерге және әлеуметтік осал топтарға беріледі. Сондықтан кезекте ертерек тұрған азаматтың кейінірек тіркелген басқа адамның алдында пәтер алуына кепілдік жоқ.
Сарапшылардың айтуынша, көптеген азамат отбасы құрамындағы өзгерістерді уақытында тіркемейтіндіктен, өзіне тиесілі жеңілдіктерден айырылып жатады. Сондықтан жүйедегі мәліметтерді тұрақты жаңартып отыру маңызды.
Сондай-ақ жалдамалы тұрғын үй беру туралы хабарлама келген жағдайда азамат бес жұмыс күні ішінде Baspana Market жүйесіндегі жеке кабинеті арқылы ұсынысты қабылдауы немесе бас тартуы керек. Белгіленген мерзімде жауап берілмесе, ұсыныс автоматты түрде күшін жояды.
Айта кетейік, материалды дайындау барысында ашық дереккөздердегі мәліметтер мен Qazaqstan телеарнасында жарияланған ақпарат негізге алынды.