Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Келесі жылдан бастап шетелдік интернет-компаниялар Қазақстан қазынасына цифрлық салық төлейді. Ұлттық экономика министрлігі Google салығынан ел бюджетіне жыл сайын 2 миллиард теңге түседі деп болжап отыр.
Қызметтер мен тауарларын онлайн платформа арқылы сататын барлық шетелдік компания Қазақстан бюджетіне қосымша құн салығын төлеуге міндеттелді.
"2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексінің Қазақстан аумағында орналасқан жеке тұлғаларға сатылған тауарлары, көрсетілген қызметтері үшін шетелдік интернет-компаниялардың ҚҚС төлеу жөніндегі міндеттемелері туралы нормасы күшіне енеді", - делінген ұлттық экономика министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
ҚҚС мөлшерлемесі сатылған тауарлар мен қызметтер сомасының 12%-ін құрайды. Мұның қазақстандық салық төлеушілерге қатысы жоқ.
"Төлем тәртібі өте қарапайым. Компаниялар салық салу мақсатында тіркелмейді. Оңайлатылған тәртіпте салық органдарына хат жолдап, ҚҚС төлеуге дайын екені туралы хабарлайды", - деді ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.
Әкімшілендіру шетелдік интернет-компаниялар аударған сомалар туралы екінші деңгейлі банктердің деректері негізінде жүзеге асырылады.
Әкімшілендіру мақсатында Merchant ID немесе MID ұғымын бекіту ұсынылады. Ол төлем жүйелерін пайдалана отырып, төлемді және/немесе ақша аударымын алушы ретінде шетелдік компанияны сәйкестендіретін белгілердің бірегей жиынтығы.
Merchant ID – шетелдік интернет-компаниялар беретін реквизиттердің бірі. Ол бойынша банктер тиісті төлемдер мен ақша аударымдарын сәйкестендіреді.
"Бұл – халықаралық практика. Мәселені қарастыру кезінде халықаралық, Еуропа елдерінің, таяу көрші Ресей мен Беларусьтің де тәжірибесі зерттелді", - деп атап өтті ведомстводағылар.
Ұлттық экономика министрлігінің болжамынша, қосылған құн салығы есебінен бюджетке жылына екі миллиард теңге түседі.
Еске салсақ, 25 қарашада парламент сенаты интернет арқылы сатылатын тауарларға цифрлық салық енгізуді көздейтін заңнамалық түзетулерді қабылдады. Заң президенттің қол қоюына жіберілді.