| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Иранға қарсы әскери әрекеттер мен Ормуз бұғазының жабылу қаупі аясында әлемдік мұнай бағасы күрт қымбаттады. 9 наурыз күні Еуропада эталон саналатын Brent маркалы мұнай фьючерстері шамамен 20%-ға өсіп, барреліне 111 доллардан асты, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Бұл – 2022 жылдан бергі ең жоғары деңгей. Ал америкалық WTI маркалы мұнай бағасы 16,8%-ға қымбаттап, 106 доллардан асты. Бұған дейін, ақпан айының соңында мұнай шамамен 70 доллар шамасында саудаланған еді.
Нарықтағы негізгі алаңдаушылық – Ормуз бұғазының жабылу қаупі. Бейбіт кезеңде бұл стратегиялық теңіз жолы арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20%-ы тасымалданады. Сондай-ақ бұғаз Қатардан сұйытылған табиғи газ жеткізу үшін де маңызды бағыт саналады.
Шиеленіс күшейген кезде АҚШ билігі әлемдік нарықтағы мұнай жеткізілімін тұрақтандыру үшін кейбір шектеулерді жеңілдету мүмкіндігін қарастырып отыр. Мысалы, Үндістандағы мұнай өңдеу зауыттарына танкерлерге тиелген ресейлік мұнайды сатып алуға 30 күндік уақытша рұқсат берілді.
7 наурызда Израиль Иранның мұнай инфрақұрылымына алғаш рет әуе соққысын жасап, Тегеран мен оның маңындағы бірнеше энергетикалық нысан нысанаға алынды. Бұған жауап ретінде Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Парсы шығанағындағы мұнай объектілеріне соққы жасалуы мүмкін екенін ескертті.