Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Премьер-министр Түркістан және Жамбыл облыстарында шегірткеге қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің оңтүстік өңірлерінде шегірткенің таралуына қарсы күресті күшейту қажеттігіне назар аударды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ағымдағы жағдай туралы баяндады.
— АШМ мәліметтері бойынша, шегірткелердің таралуы 2,1 млн гектар аумақты қамтиды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн гектарға аз. Зиянкестермен күресуге республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінді. Жұмысқа 443 бірлік бүріккіш техникасы мен 4 625 маман жұмылдырылды. 12 мамырдағы жағдай бойынша Жамбыл және Түркістан облыстарында шегіртке зиянкестері дернәсілдерінің таралуы байқалады. 1 388,9 мың гектар жер зерттелді, оның 396,6 мың гектары өңдеуге жатады. Нақтырақ айтсақ, 390,8 мың га, оның ішінде Жамбыл облысында – 27,8 мың га, Түркістан облысында – 363,8 мың га өңделді, - деді министр.
Премьер-министр қажетті қорғау шараларын жүргізуді қамтамасыз етуді және ведомство мен өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.
— Айдарбек Сейпілұлы, өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, зиянкестерге қарсы сапалы мониторингті, профилактикалық және қорғау шараларын жүргізуді қамтамасыз ету керек. Шегірткенің таралу болжамдарын үнемі жаңартып отырып, жедел шаралар қабылдау үшін ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет. Қазіргі сәтте Түркістан және Жамбыл облыстарында шегірткемен күреске ерекше назар аударыңыз, — деп атап өтті Олжас Бектенов.