| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматы мен Қаскелең арасындағы көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған ірі инфрақұрылымдық жоба басталмақ. Ең жүктемесі жоғары жол учаскелерінің бірі сегіз жолаққа дейін кеңейтіліп, жолайрықтар мен жаяу жүргіншілерге арналған жаңа өткелдер салынады, — дкп хабарлайды Dauletten.kz.
Алматыдан Қаскелең қаласына дейінгі автожолдың 8 шақырымдық бөлігін қайта жаңарту жобасы іске асырылады. Жоспарға сәйкес, қазіргі жол кеңейтіліп, қозғалысқа арналған жолақтар саны сегізге дейін жеткізіледі. Сондай-ақ екі жолайрығы мен тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу көзделген.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жоба жүзеге асқаннан кейін аталған бағыттың өткізу қабілеті шамамен екі есеге артады. Құрылыс жұмыстары 20 шілдеде басталып, нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр.
Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жобаны қаржыландыру Қазақстанның Даму банкі арқылы жүргізілетінін айтты.
Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдарға құрылысты уақытылы бастауды тапсырды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы тиіс. Сонымен қатар жобаға бекітілген қаржы көлемі өзгермеуі қажет екені де атап өтілді.
Жол инфрақұрылымын дамыту аясында Алматы облысында Ұзынағаш бағытына қарай ұзындығы 32 шақырым болатын балама жолдың құрылысы да басталған. Бұл жоба Алматы–Қаскелең бағытындағы көлік ағынын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Алматы агломерациясын дамыту жоспары аясында Алматы–Есік және Алматы–Талғар бағыттарындағы автожолдарды жаңғырту, рельсті қоғамдық көлік желісін кеңейту және метроны дамыту мәселелері де қарастырылып жатыр.