| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Президенттік жастар кадр резервіне биылғы іріктеудің қорытындысын жариялап, жобаға өткен жастармен кездесті, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Іс-шараға Президент Әкімшілігі мен Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері де қатысып, іріктеу кезеңдерінің нәтижелері мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Дархан Жазықбай өз сөзінде бұл бастама Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмасымен жүзеге асып жатқанын атап өтті. Жобаның мақсаты – елдің мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа көзқарасы бар, заманауи ойлайтын жастарды тарту.
Биыл 31 мыңнан астам азамат қатысуға өтініш берген. Оның 7 мыңнан астамы іріктеуге жіберіліп, алты кезеңдік сынақтың қорытындысы бойынша 50 үміткер резервке енді. Бір орынға 148 адамнан келген.
– Президенттік жастар кадр резерві – жас буын үшін өзін көрсетудің ерекше алаңы. Бұл жоба кәсібилікпен қатар, жауапкершілік пен адалдықты талап етеді. Елге қызмет ету – нағыз абырой, – деді Дархан Жазықбай кездесуде.
Кездесу барысында қатысушылар мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктерін, басқарушылық дағдыларды дамыту және оқыту бағдарламаларына қатысу тетіктерін талқылады.
Агенттік төрағасы жастарға сәттілік тілеп, олардың әлеуеті ел дамуы мен қоғам игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
