Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Қаңтарда жылу ақысы неге артты: сала маманы жауап берді
Жаңалықтар

Қаңтарда жылу ақысы неге артты: сала маманы жауап берді

18.02.2026
мин
3
358
Сурет: informburo.kz

Осы жылдың қаңтар айындағы жылу төлемдері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Кейбір тұрғындар өткен қыс мезгілімен салыстырғанда түбіртектегі соманың артқанын айтып, шағымдануда. Осыған байланысты Dauletten.kz тілшісі Астана қаласы тұтынушылармен жұмыс істеу қызметінің басшысы Дастан Рахимбаевтан мәселенің мән-жайын сұрап білді.

Спикердің сөзінше, комуналдық қызмет тарифы қымбаттамаған. Жылу энергиясымен жабдықтаудың қолданыстағы тарифі 2025 жылдың қазан айында уәкілетті органмен бекітілген, ал 2026 жылдың қаңтарында оған ешқандай өзгеріс енгізілмеген. Жүйе штаттық режимде жұмыс істеген, техникалық ақаулар тіркелмеген.

– Төлемнің өсуі тарифтің қымбаттауынан емес, ауа температурасының төмендеуінен болды. 2026 жылдың қаңтарында ауаның орташа температурасы –14,3°С болса, 2025 жылдың желтоқсанында –8,1°С болды. Температура неғұрлым төмендеген сайын, үйді жылы ұстауға соғұрлым көп жылу энергиясы кетеді, – деді ол.

Яғни жылу үшін төлем бірнеше факторға байланысты есептеледі. Атап айтқанда, сыртқы ауаның орташа айлық температурасы, үйде ортақ жылу есептегішінің болуы және оның жарамдылығы, есептеу әдісі, ыстық су есептегіштерінің көрсеткіштерін уақытылы тапсыру және нақты тұтынылған жылу көлемі ескеріледі.

Сонымен қатар тұтыну көлеміне үйдің техникалық сипаттамалары, инженерлік жүйелердің жағдайы, автоматты реттеу құрылғыларының болуы және тұрғындар саны әсер етеді.

– Сондықтан бір үйдің төлемін екінші үймен салыстыру әрдайым дұрыс емес. Әр ғимараттың техникалық жағдайы әртүрлі, – деп түсіндірді Дастан Рахимбаев.

Егер үйде ортақ жылу есептегіші болмаса, есептеу бекітілген тұтыну нормативтері бойынша жүргізіледі. Бұл ретте орташа айлық ауа температурасы міндетті түрде ескеріледі. Яғни күн суытқан сайын нормативтік тұтыну көлемі де артады. Ал жылу есептегіші бар үйлерде төлем нақты көрсеткіштер негізінде есептеледі.

 – Мұндай жағдайда тұрғындар нақты қанша жылу тұтынса, соған сәйкес төлейді. Бірақ үйлердің жылу оқшаулауы, инженерлік жүйелері әртүрлі болғандықтан, айырмашылық болуы заңды», – деді спикер.

Қаңтардағы –14,3°С орташа температураның жалпы төлемге әсеріне қатысты ол нақты бірыңғай пайыз айту мүмкін еместігін жеткізді. Оның айтуынша, өсім мөлшері әр үйдің техникалық ерекшелігі мен нақты тұтыну көлеміне байланысты жеке есептеледі.

Спикердің айтуынша, егер есептегіш көрсеткіштері уақытылы тапсырылмаса, есептеу орташа тұтыну көлемі немесе норматив бойынша жүргізіледі. Кейін нақты көрсеткіштер ұсынылған жағдайда қайта есептеу жасалады.

Ал төлемде қателік анықталған жағдайда тұрғындар Астана-Теплотранзит компаниясына электрондық пошта, call-орталық немесе сервистік орталықтар арқылы жүгініп, қайта есептеу жүргізуді талап ете алады.

– Әрбір өтініш жеке қаралады, қажет болған жағдайда тексеріс жүргізіліп, қайта есептеу жүргізіледі, – деп түйіндеді Дастан Рахимбаев.

Яғни мамандардың айтуынша, жылу төлемдері маусымдық сипатқа ие және қыс мезгіліндегі нақты ауа райы жағдайына тікелей тәуелді. Сондықтан ай сайынғы төлем сомасы біркелкі болмайды және ең жоғары көрсеткіштер, әдетте, ең суық айларда қалыптасады. Сондай-ақ жауапты ұйым тұрғындарға үйдің энергия тиімділігін арттыру, инженерлік жүйелердің жарамдылығын бақылау және есептегіш көрсеткіштерін уақытылы тапсыру төлем мөлшерін оңтайландыруға мүмкіндік беретінін еске салды.

Құзырлы мамандар айтып өткендей, есептеу жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес автоматтандырылған жүйе арқылы жүргізіледі және әрбір тұтынушының дерегі жеке есепке алынады.

Осылайша, қаңтар айындағы төлемдердің өсуі жүйелік өзгерістерден емес, табиғи-климаттық факторлардан туындағаны атап өтілді.

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
3 Пікір
Н
Назгүл 18.02.2026
Қымбаттамаған деп неге өтірік жоққа шығарады? Тариф қымбаттадыгой барлық жерде, газ, су, свет барлығы,тіпті мусорға дейін қымбаттатып… қымбатстан деп өзгертіп алсаңдаршы ендігі????????‍♀️
Жауап беру
А
Айым 18.02.2026
Этажға да байланысты ма сонда?Бір домда бірдей квадрат бірақ төлем әртүрлі бола ма сонда?
Жауап беру
С
Сарсен 18.02.2026
Қанша қымбаттасада сол үйге жылу дұрыс берілмейді үй жылымайды, қосымша құрылғы ,газдың духовкасын қосып үй жылытамыз ақшамызды жеткізе алмай отырғанда қосымша пайдаланған жарық пен газға ақша төлейміз
Жауап беру
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл