Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, ұзақ уақыт бойы сақтауға мүмкіндік беретін жаңа буындағы мобильді лиофилизациялық қондырғыны жасап шығарды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Ведомствоның мәліметінше, "Dayar 20" деп аталатын құрылғы фермерлік өнімдерді егіс алқабында, бау-бақшада немесе шалғай орналасқан фермаларда тікелей өңдеуге мүмкіндік береді. Қондырғы өнімдердің табиғи қасиеттері мен сапасын сақтай отырып, оларды ұзақ уақыт сақтауға жағдай жасайды.
Жоба жетекшісі Ербол Ихсановтың айтуынша, лиофилизация – бұл мұздатылған өнімнен төмен қысымда ылғалды сублимациялау арқылы кептіру әдісі. Бұл тәсіл өнімнің дәмі мен түсін, иісін, пішінін және құрамындағы пайдалы заттарын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
"Dayar 20" жеміс-жидек, көкөніс, ет, сүт өнімдері, дайын тағам мен балықты сапалы кептіруге арналған. Кептірілген өнім арнайы қаптамамен 10 жылдан 50 жылға дейін, ал жай бөлме температурасында 1 жылдан 3 жылға дейін жарамды күйінде сақталады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл құрылғы – фермерлер үшін сенімді көмекші ғана емес, сонымен бірге агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың нақты тетігі. Әсіресе, таулы және қолжетімсіз өңірлердегі шаруашылықтар үшін тиімді шешім болмақ.
Инновациялық жоба аясында университет ғалымдары ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуды мақсат етіп отыр.