Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Көптеген жүргізуші жол шетіне қысқа уақытқа тоқтағанда апаттық ескерту шамдарын қосып қояды. Алайда мұндай жағдайда қанша уақыт тұруға болатынын және қандай жағдайларда айыппұл салынатынын екінің бірі біле бермейді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Жол жиегінде тұру уақыты
Жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары Тимур Ноғайбаевтың түсіндіруінше, жол қозғалысы ережелерінде нақты уақыт шектеуі көрсетілмегенімен, маңызды талаптар бар.
Көлік рұқсат етілмеген орынға қойылған жағдайда, тіпті апаттық шамы қосулы болса да, жүргізуші жауапкершіліктен босатылмайды. Жол шетіне тоқтауға тек басқа көліктердің қозғалысына кедергі келтірмейтін жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Көлік ұзақ уақыт бойы сол жерде тұрса және жүргізуші одан алыстап кетсе, бұл жағдай мәжбүрлі тоқтау емес, тұрақ ретінде қабылдануы мүмкін. Мұндай кезде айыппұл қарастырылады.
Жүргізуші көліктің жанында болуы керек пе?
Иә, бұл – маңызды шарт. Егер көлік апаттық жарығымен жол жиегінде тұрса, жүргізуші оның ішінде немесе жанында болуы тиіс. Егер ол көліктен алшақтап кетсе, инспектор бұл жағдайды тұрақ ережесінің бұзылуы ретінде қарастыруы мүмкін.
Айыппұл көлемі
Жағдайдың сипатына байланысты жүргізушіге Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 597-бабының 3-бөлігі бойынша (“Тыйым салынған орынға көлік қою”) 19 660 теңге көлемінде (2025 жылға 5 АЕК) айыппұл салынуы мүмкін. Егер көлік жол қозғалысына кедергі келтіріп тұрса, оны арнайы тұраққа эвакуациялауы ықтимал.
Полиция шақыруға бола ма?
Иә, полицияны шақыруға болады. Егер көлік апаттық сигналын қосып, иесі жоқ болса және ол жаяу жүргінші жолын немесе жол қозғалысын бөгеп тұрса не қауіп төндірсе, 102 нөміріне қоңырау шалып, құқық қорғау органдарына хабарлауға болады.
Көліктің маркасын, нөмірін және тұрған орнын нақты айтсаңыз, полиция тиісті шара қабылдауы тиіс. Қажет болған жағдайда көлік эвакуацияланады.