| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда жалға берілетін электрлі самокаттарды есепке алу және нөмірлеу тәртібі енгізіледі, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
ІІМ, мәліметінше, елімізде электрлі самокаттарды жалға берумен айналысатын компаниялар мен жеке кәсіпкерлер үшін жаңа талаптар енгізіледі. Бұл шаралар жалға беру қызметін реттеуге және қала көшелеріндегі самокаттарды оңай сәйкестендіруге бағытталған.
Жаңа тәртіпке сәйкес, жалға берілетін әрбір электрлі самокатқа бірегей тіркеу нөмірі берілуі тиіс. Бұл нөмірді самокат пайдалануға берілмес бұрын прокат операторы өзі тағайындайды. Тіркеу нөмірі бір латын әрпінен және бес саннан тұрады.
Латын әрпі белгілі бір операторға бекітіледі және сол компанияның барлық самокатына қолданылады. Мысалы, егер компанияға “A” әрпі берілсе, оның самокаттары A00001, A00002, A00003 және осы тәртіппен нөмірленеді. Бұл әріпті басқа оператор пайдалана алмайды.
Сонымен қатар жалға берумен айналысатын компаниялар өздеріне тиесілі барлық электрлі самокатты міндетті түрде есепке алып отыруы қажет.
Есепке алу деректеріне мыналар енгізіледі:
• самокаттың маркасы, моделі және шығарылған жылы;
• сериялық нөмірі;
• пайдалануға енгізілген және пайдаланудан шығарылған күні;
• техникалық қызмет көрсету және жөндеу туралы мәліметтер;
• берілген тіркеу нөмірі.
Тіркеу нөмірі берік материалдан жасалуы керек. Ол ылғалға, күн сәулесіне және температураның ауытқуына төзімді болуы тиіс, сондай-ақ жарық шағылыстыратын жабындысы болуы қажет. Нөмір самокаттың артқы бөлігінде дөңгелектің үстіне, сондай-ақ руль тірегінің екі жағына орналастырылады.
Егер самокат пайдаланудан шығарылса, оған берілген тіркеу нөмірі есеп жүйесінде сақталады және басқа самокатқа қайта берілмейді.
Бұл талаптар жалға берілетін электр самокаттарды бақылауды жеңілдетіп, қауіпсіздікті арттыруға және прокат қызметі нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.