Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
COVID-19 пандемиясынан кейін отандық дәрігерлер науқастарда тері ауруларының өршіп, емделуі күрделене түскенін тіркеуде. Бұл жағдай, әсіресе, балалар мен жастар арасында да кездесіп отыр, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Мамандардың айтуынша, тері аурулары бойынша жалпы статистика тұрақты көрінгенімен, оның артында ерекше әрі күрделі жағдайлар жасырын тұр. Мысалы, 2019 жылы ауыр түрлері 1%-дан аз жағдайда тіркелсе, 2022–2025 жылдары бұл көрсеткіш 12%-дан асып кеткен. Дерматологтар көбінесе атопиялық дерматит, есекжем және аутоиммундық аурулар жиілегенін айтады.
Денсаулық сақтау аналитиктері қауымдастығының президенті Әли Нұрғожаевтың пікірінше, бұл жағдайға бір ғана вирус емес, басқа да бірқатар факторлар әсер етуі мүмкін.
- Бұл, бір жағынан, пандемия мен вирустың салдары болуы ықтимал. Екінші жағынан, экологиялық өзгерістер мен тамақтану режимінің тұрақсыздығы да ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар, ауруларды ерте және жиі анықтау мүмкіндігі артқаны да ықтимал. Бұрын жасырын жүретін сырқаттар кеш анықталса, қазір ертерек тіркеліп отыр. Бұл жағынан алғанда оң әсер де бар, – дейді сарапшы.
Нұрғожаевтың айтуынша, нақты қорытынды шығару үшін тереңірек зерттеу қажет. Себебі симптомдар жиі жасырын өтеді. Қарапайым қышыну немесе тітіркену ауыр постковидтік қабынудың белгісі болуы мүмкін. Вирус жойылғаннан кейін де оның ағзада ізі сақталуы мүмкін. Бұл барлық адамда бола бермейді.
Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарманның айтуынша, бұл жағдай, ең алдымен, созылмалы аурулары бар адамдарға тән.
- Мұндай асқынулар көбіне қант диабеті, семіздік, гипертония және зат алмасу бұзылыстары бар науқастарда кездеседі. Сондай-ақ қауіп тобына аутоиммундық аурулары бар адамдар — псориаз, жүйелі қызыл жегі, иммундық жүйесі бастапқыдан әлсіреген немесе кейін түрлі факторлардан әлсіреген азаматтар кіреді, – деді ол.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай ауруларды ерте кезеңде анықтау сауығу мүмкіндігін арттырады. Бұл, әсіресе, ағзасы әлі қалыптасып жатқан балалар мен жасөспірімдер үшін аса маңызды