| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Отандық ғалымдар табиғи шырын өндірісіне арналған жаңа әдіс әзірледі, — деп хабарлайды Dauletten.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа әдіс табиғи тікелей сығылған шырындар, джемдер және жоғары тағамдық құндылығы бар пюре өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Әзірлеме отандық қайта өңдеу саласының әлеуетін арттыруға бағытталған.
Қазіргі таңда Қазақстанда жыл сайын шамамен 3,5 млн тонна жеміс-көкөніс өндірілгенімен, оның небәрі 5%-ы ғана өнеркәсіптік өңдеуден өтеді. Сонымен қатар сақтау кезінде өнімнің 30%-дан астамы жоғалады. Осы факторлар ішкі нарықта импорттық консервіленген өнімдердің үлесінің 80–85%-ға дейін өсуіне себеп болып отыр.
Жобаның негізгі мақсаты — ресурсты үнемдейтін және қалдықсыз технологияларды енгізу арқылы отандық табиғи өнімдер қатарын кеңейту. Ғалымдар қызылша, сәбіз және алма негізінде пектин қосылған тиімді рецептураларды әзірлеген.
Жаңа технологияның ерекшелігі — жергілікті шикізатты терең өңдеу арқылы оның пайдалы қасиеттерін барынша сақтау. Атап айтқанда, өнім құрамындағы дәрумендер, антиоксиданттар мен тағамдық талшықтар жоғары деңгейде сақталады.
Сонымен қатар термоөңдеу мен гомогенизация процестері жетілдіріліп, өндірістік шығындарды азайтуға және дайын өнім сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Алынған өнімдер профилактикалық қасиеттерге ие болып, жүрек-қан тамырлары аурулары мен зат алмасу бұзылыстарының алдын алуға ықпал етуі мүмкін.
Жоба аясында ғылыми нәтижелер халықаралық деңгейде жарияланып, өнім өндіру технологиясы мен пектин алу тәсіліне патент алынған.
Мамандардың айтуынша, бұл технологияны әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі агроөнеркәсіптік кәсіпорындарға енгізу тиімді. Ол импортқа тәуелділікті азайтып, дұрыс тамақтану өнімдері нарығын дамытуға жаңа мүмкіндік береді.