Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында мектептегі тамақтану жаңа стандарт бойынша жүзеге асады, - деп хабарлайды Dauletten.kz. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, мемлекет басшысы өз тапсырмаларының бірінде 1,7 миллион оқушыны қамтып отырған мектептегі тегін тамақ сапасын жақсарту қажеттігін атап өткен. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Білім министрлігімен, сондай-ақ отандық және халықаралық сарапшылармен бірлесіп, ғылыми негіздемелер мен халықаралық ұсынымдарға сүйене отырып, жаңа стандарт әзірледі. Ол 2025 жылдың күзінен бастап енгізіледі.
- Өкінішке қарай, соңғы жылдары балалар арасында семіздік, II типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, тісжегі мен аллергия жағдайлары жиілеп кетті. Мұның басты себебі – дұрыс құрылмаған, зиянды тамақтану рационы, – деп жазды министр.
Оның сөзінше, жаңа мәзірді енгізумен қатар, мектеп асханаларындағы тамақ қауіпсіздігі мен санитариялық жағдайларға бақылау да күшейтіледі. Енді тексерулер алдын ала ескертілмей жүргізіліп, тұрақты мониторингтік сапарлар жүйесі енгізіледі.
- Бұл шаралар мектептегі тамақтану жағдайларын шынайы бағалауға және заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, жоюға бағытталған. Біз мұны балаларымыздың денсаулығы үшін жасап отырмыз. Білім беру жүйесінің барлық қатысушыларын жаңа талаптарға жауапкершілікпен қарап, адал орындауға шақырамыз, – деді Ақмарал Әлназарова.