| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында бес заманауи көпбейінді аурухана салу жоспарланып отыр. Жаңа медициналық мекемелер Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент және Қаскелең қалаларында бой көтереді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Әр аурухана 200 төсекке есептелген. Осылайша бес медициналық мекеменің жалпы сыйымдылығы 1000 орынды құрайды.
Жобаның басты мақсаты – балалардың сапалы әрі мамандандырылған медициналық көмекті өз өңірінде алуына жағдай жасау. Жаңа ауруханалар іске қосылғаннан кейін тұрғындарға балаларын емдету үшін басқа қалаларға бару қажеттілігі азаяды.
Бұл мәселе Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Муратовтың Азия даму банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі өкілдерімен кездесуінде талқыланды.
– Біздің басты міндетіміз – баланың қай өңірде тұратынына қарамастан, сапалы медициналық көмектің барлығына қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Жаңа ауруханалар өңірлердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, балаларды емдеу үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.
Бұдан бөлек, Алматы қаласында 500 орындық республикалық ғылыми балалар госпиталін салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл жоба да балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсету жүйесін дамытуға бағытталған.
Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, ауруханалардың жобалық құжаттарын әзірлеу және қаржыландыру мәселелерін пысықтауда.
Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық бағдарламаны дайындау және жобаларды жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Жаңа ауруханалар салу Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аясында жоспарланған.
Айта кетейік, әзірге ауруханалардың құрылысы қашан басталып, қашан аяқталатыны туралы нақты мерзім жарияланған жоқ.