| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
23 шілде кешкі сағат 18:01-ден бастап Қазақстанда Құрылтай сайлауына арналған үгіт-насихат жұмыстары ресми түрде басталады. Бір айға жуық уақытқа созылатын саяси науқанда жеті партия өз бағдарламасын таныстырып, сайлаушылардың қолдауына ие болуға тырысады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
23 шілде күні сағат 18:01-де Құрылтай сайлауы алдындағы үгіт-насихат кезеңі ресми түрде басталады. Осы сәттен бастап саяси партиялар сайлауалды бағдарламаларын жариялап, бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама орналастыруға және ел тұрғындарымен кездесулер өткізуге мүмкіндік алады.
Бұған дейін саяси партиялардың кандидаттар тізімін ұсыну және оларды Орталық сайлау комиссиясында тіркеу рәсімі толық аяқталады.
Биылғы сайлауда Құрылтайдағы 145 депутаттық мандатқа жеті саяси партиядан барлығы 545 кандидат таласқа түседі.
Кандидаттар саны бойынша «Әділет» партиясы көш бастап тұр – 186 кандидат. Одан кейін Respublica партиясынан 75, Қазақстан халық партиясынан – 72, «Ауыл» партиясынан – 69, «Ақ жол» партиясынан – 63, «Байтақ» партиясынан – 47 және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан 33 кандидат тіркелген.
Үгіт-насихат науқаны 21 тамыз күні сағат 00:00-де аяқталады. 22 тамыз – заң бойынша тыныштық күні. Ал Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді. Сайлау нәтижесі алдағы бес жылдағы Құрылтай құрамын айқындайтын маңызды саяси кезеңдердің бірі болмақ.