Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік марапаты — Devlet Nişanı орденімен марапатталды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Мемлекет басшысы бұл награданы алу зор мәртебе екенін атап өтіп, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына алғыс білдірді.
– Мен отандық және шетелдік марапаттардан бас тартуды жөн көрдім. Алайда бүгінгі марапаттың маңызы ерекше. Бұл – қазақ-түрік ынтымақтастығы тарихындағы айтулы оқиға. Сіз осы шешіміңіз арқылы ата-бабаларымыздың аманатына адал екеніңізді тағы бір дәлелдедіңіз. Бұл марапатты түрік халқының бүкіл қазақ халқына көрсеткен құрметі деп қабылдаймын. Тамыры ортақ, тілі мен діні жақын халықтар арасындағы берік достықтың нышаны деп санаймын. Сонымен қатар бұл – стратегиялық әріптестігімізді нығайтуға деген ортақ ұмтылыстың айғағы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Ердоғанды көреген де ықпалды саясаткер ретінде атай отырып, оның Түркияның аймақтық және жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесін жоғары бағалады.
– Сіз парасатты саясатыңыздың арқасында Түркияны жаңа белестерге жетелеп келесіз. Елдің халықаралық беделі жылдан жылға артып келеді. Бүгінде Түркия экономикасы бойынша әлемдегі жетекші 20 елдің қатарына енді. Түркияның қарқынды дамуы – сіздің көшбасшылығыңызбен тікелей байланысты. Ел болашағының жарқын боларына сенемін. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған ел ретінде Түркияны ешқашан ұмытпаймыз. Бұл – халқымыздың жадында сақталатын тарихи шындық, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевтың екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– Қымбатты бауырым Тоқаевтың сындарлы басшылығының арқасында Қазақстан аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналды. Елдеріміз арасындағы достықты одан әрі тереңдетуге қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Түркі мемлекеттері ұйымының нығаюына да үлкен үлес қостыңыз. Осыған орай сізге Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасын табыстау — мен үшін үлкен мәртебе. Бұл орденді елдеріміз арасындағы ажырамас достықтың символы ретінде қабылдайды деп сенемін, – деді Түркия Президенті.