| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Астанада "Конституциялық өзгерістер: студенттердің, жастардың, волонтерлердің, ҮЕҰ көзқарасы" тақырыбында дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды Dauletten.kz.
Іс-шара гибридті форматта ұйымдастырылып, офлайн және Zoom платформасы арқылы онлайн түрде өтті. Кездесу барысында 15 наурызда өтетін республикалық референдум аясындағы конституциялық өзгерістер кеңінен талқыланды.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасына қатысты жастардың, студенттердің, волонтерлік қозғалыс пен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің пікірін тыңдау, азаматтық белсенділікті арттыру және ұсыныстар қалыптастыру болды.
Шара модераторы – "JASYL EL" жастар еңбек жасақтары республикалық штабының басшысы, "MADENIETTI MURA" жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұрасыл Бекматов.
Іс-шара барысында қоғам мен жастар саясаты саласының белсенді өкілдері баяндама жасады. Атап айтқанда, "DAULETTEN" қайырымдылық қорының президенті, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Жасұлан Бостандықұлы әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылық институттарының конституциялық реформалар аясындағы рөліне тоқталды.

"Қазақстан жастарының Конгресі" ЗТБ атқарушы директоры, Астана қаласы қоғамдық кеңесінің жастар істері жөніндегі комиссиясының төрағасы Бақдаулет Болатұлы жастар ұйымдарының қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу маңызын атап өтті.
Шара аясында "Жасыл қадам: әр қадамдағы эко-сана" жобасының республикалық координаторы Жұмат Бауыржан Киікбайұлы экологиялық жауапкершілік пен тұрақты даму мәселелерін көтерді. "Жас Ұлан" бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы" РҚБ Атқарушы директоры Өтеген Балнұр Өтегенқызы жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Академиялық старосталар кеңесінің төрағасы Айдана Адибай студенттік өзін-өзі басқару институттарының маңызын атап өтті. "Болашаққа қозғалыс" жеке қорының директоры Бекмұрат Диас Бекмұратұлы жастар бастамаларын қолдау тетіктері жөнінде пікір білдірді. Целиноград ауданы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ирешова Махабат Сансызбайқызы өңірлік деңгейдегі жастар саясатының өзекті мәселелерін қозғады.
Сондай-ақ Астана экологиялық хабының менеджері Калимулла Әмина азаматтық белсенділік пен экологиялық бастамаларды дамыту бағытындағы тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар конституциялық реформалар аясында жастардың рөлін институционалдық тұрғыдан күшейту қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, жастардың мемлекеттік басқару процестеріне қатысу тетіктерін кеңейту, қоғамдық кеңестер мен консультативтік құрылымдардағы өкілдігін арттыру, волонтерлік және үкіметтік емес ұйымдардың бастамаларын қолдау мәселелері көтерілді.
Сонымен қатар 15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, Конституция жобасының мазмұнын кеңінен ақпараттандыру және саналы азаматтық ұстанымды қалыптастыру бағытындағы іс-шараларды жалғастыру ұсынылды.
Қатысушылардың пікірінше, конституциялық өзгерістердің тиімді жүзеге асуы азаматтардың белсенді қатысуына, қоғамдық диалог мәдениетінің дамуына және өзара сенім қағидаттарына негізделуі тиіс. Жастар – осы үдерістің белсенді қатысушысы ғана емес, оның стратегиялық қозғаушы күші.

Дөңгелек үстел алаңы өзара пікір алмасу, тәжірибе бөлісу және нақты ұсыныстар әзірлеу тұрғысынан нәтижелі формат ретінде бағаланды. Ұйымдастырушылар мұндай ашық диалог алаңдары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Аталған іс-шара конституциялық реформаларды қоғамдық талқылау мәдениетін дамытуға және жастардың ел болашағына қатысты шешімдерге жауапкершілікпен қарауын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.