469.71
536.17
6.01
Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Саналы ата-ана – сапалы қоғамның бастауы
Жаңалықтар

Саналы ата-ана – сапалы қоғамның бастауы

15.07.2026
мин
0
136
Сурет: ЖИ/Dauletten.kz

Елдің ертеңін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ол әр шаңырақта, ата-ананың балаға берген тәрбиесі мен көрсеткен үлгісінен басталады. Себебі қоғамның сапасы – отбасындағы құндылықтың көрінісі. Dauletten.kz сайтының тілшісі осы мәселеге назар аударып, саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізіп келе жатқан «Сенімен Болашақ​» республикалық қоғамдық бірлестігінің​ бастамалары мен маңызына тоқталады.

«Нәресте» деген сөзді естігенде көз алдымызға өмірге жаңа келген сәби елестейді. Алайда бұл сөздің астарында халқымыздың терең танымы мен өмірлік философиясы жатқанын білесіз бе? Қазақ ұғымында «нәр» сөзі құнарлы, қуатты, тіршіліктің өзегін білдіреді. Ал нәресте – сол тіршіліктің нәрін бойына сіңіріп, өмірдің алғашқы лебін ананың құрсағында жатқан кезінен-ақ сезіне бастайтын жан иесі. Бұл сөздің түп-төркіні – сәбидің ана құрсағына біткен сәттен бастап айналасындағы әсерлерді түйсігіне тоқып, жадында сақтайды деген түсінікпен сабақтасады. Сол себепті дана халқымыз баланың тәрбиесі дүниеге келгеннен кейін емес, ана құрсағына біткен сәттен-ақ басталады деп есептейді. Ананың әрбір ойы, көңіл күйі, қуанышы мен күйзелісі болашақ сәбидің болмысына әсер етеді деп сенеді. Сондықтан жүкті ананың жан дүниесінің тыныштығына, айтқан сөзі мен көрген тәрбиесіне ерекше мән беріледі. Демек, бала тәрбиесі – тек бір отбасының мәселесі емес, ұлттың болашағына әсер ететін үлкен құндылық.

Иә, ұрпақ – ұлттың жалғасы, елдің ертеңі. Осыны терең түсінген халқымыз ұрпақ тәрбиесін мемлекеттің болашағымен қатар қойған. Көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзі де осы ұлы қағиданың мәнін айқындайды. Өйткені елдің ертеңі ең алдымен әрбір шаңырақта қалыптасатын тәрбие мен құндылықтан басталады.

Әрбір отбасы – шағын мемлекет. Оның берік болуы отбасындағы тәрбиеге байланысты. Отбасы – адам баласының алғаш мейірім мен махаббатты сезінетін, жақсылық пен жамандықты ажыратып үйренетін, өмірге деген көзқарасы қалыптасатын қасиетті мекен. Бала бойындағы адамгершілік, ар-намыс, жауапкершілік, туған жерге деген сүйіспеншілік секілді асыл қасиеттердің негізі ең алдымен отбасында қаланады. Алайда балаға дұрыс тәрбие беру туралы сөз қозғағанда, көп жағдайда назарымыз баланың өзіне ауады. Біз оның қандай азамат болып өсетінін, қандай ортада тәрбиеленетінін, қандай білім алатынын жиі талқылаймыз. Бірақ маңызды бір сұрақ тасада қалып жатады: баланы тәрбиелейтін ата-ананың өзі тәрбие мен жауапкершіліктің мәнін қаншалықты терең түсінеді?

Отбасында баланы тәрбиелеудің дайын рецепті немесе қатып қалған формуласы жоқ. Бірақ ғасырлар бойы өзгермейтін бір заңдылық бар: бала ең алдымен сөзбен емес, ортамен тәрбиеленеді. Ол ата-анасының айтқанын ғана емес, жасаған ісін, бір-бірімен қарым-қатынасын, өмірге деген көзқарасын күн сайын бойына сіңіреді. Сондықтан тәрбиенің ең тиімді әдісі – талап қоюдан бұрын үлгі көрсету, ақыл айтудан бұрын әрекетпен дәлелдеу. Баланың бойындағы ізгілік, жауапкершілік, еңбекқорлық пен мейірімділік алдымен ата-ананың күнделікті өмірінен көрінуі керек. Қазақ «Балаңды тәрбиелеп әуре болма, бәрібір өзіңе ұқсайды, алдымен өзіңді тәрбиеле» деп бекер айтпаған. Бұл – тәрбиенің өмірлік заңдылығын дәл сипаттайтын қағида.

Саналы ата-ана болу – баланы бақылаудан бұрын өз мінез-құлқыңа, қарым-қатынасыңа және эмоцияңа жауапкершілікпен қарау. Өзін үнемі дамытып, үйренуден жалықпайтын ата-ана ғана баласына өмір бойы үлгі бола алады. Алайда бүгінгі ақпарат ағыны күшейген қоғамда ата-ананың жеке талпынысымен қатар, оның білім алып, тәжірибе алмасып, қолдау табатын ортасының болуы да маңызды. Өйткені бала тәрбиесі – тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның назарын қажет ететін ортақ мәселе. Осындай саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру үшін қоғам тарапынан жүйелі қолдау қажет. Осы қоғамдық қажеттілікке жауап ретінде «Сенімен Болашақ​» республикалық қоғамдық бірлестігі отбасы институтын нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асырып келеді.

Бұл ұйым өз қызметінде отбасы құндылықтарын дәріптеп, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін күшейтуге ерекше мән береді. Қоғамдағы өзгерістерді ескере отырып, ата-аналардың заманауи тәрбиелік дағдыларын дамытуға, бала мен ата-ана арасындағы өзара түсіністікті арттыруға бағытталған түрлі ағартушылық бастамаларды жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар ұйым балалардың еркін дамуына ықпал ететін қауіпсіз әрі қолайлы отбасылық ортаны қалыптастыру идеясын кеңінен насихаттап, қолдау көрсетеді.

«Отан отбасынан басталады» қағидасын ұстанған бұл бірлестік соңғы бес жыл ішінде еліміздің әр өңірінде отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және олардың дамуына жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бірлестік ұйымдастырған форумдар, семинарлар мен кездесулер мыңдаған ата-анаға бала тәрбиесіне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.

Бұл бастамалардың ерекшелігі – кінәлау емес, қолдау көрсету, мәселелерді бірге талқылау және заманауи қоғамға сай шешім ұсыну. Өйткені отбасының беріктігі – қоғамның беріктігі. Ал қоғам сапасы әр шаңырақтағы тәрбиенің деңгейімен өлшенеді. Сондықтан бала тәрбиесіне қатысты кез келген бастама – ел болашағына құйылған инвестициямен тең. Осы тұрғыдан алғанда, саналы ата-ана мәдениеті тек тәрбиелік әдістермен ғана емес, баланың толыққанды тұлға болып қалыптасуына жағдай жасаумен бағаланады. Бұл ұғым баланың қарнын тойдырып, жақсы мектепке беру немесе материалдық жағдайын қамтамасыз етумен ғана шектелмейді.

Қоғамдағы өзгерістер ата-ананың жауапкершілігін де жаңа деңгейге көтерді. Егер бұрын отбасы мен жұмыс өмірі екі бөлек кеңістік ретінде қарастырылса, бүгінде олардың бір-біріне ықпалы айқын сезіледі. Жұмыстағы күйзеліс үйдегі қарым-қатынасқа әсер етсе, отбасындағы түсініспеушілік адамның еңбек өнімділігіне, шешім қабылдауына және әріптестерімен байланысына ықпал етеді. Демек, отбасының әл-ауқаты – жеке адамның ғана емес, қоғамның да мәселесі. Осыны ерте түсінген «Сенімен Болашақ​»​ РҚБ отбасы институтын тек әлеуметтік немесе тәрбиелік мәселе ретінде ғана емес, қоғамдық тұрақтылықтың маңызды тетігі ретінде қарастырып келеді.

«Сенімен Болашақ» ұсынған саналы ата-анаға арналған кеңес

Ұйым жүзеге асыратын жобалар нақты әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне, қоғамдағы өзекті қажеттіліктерге және тәжірибелік талдауға сүйеніп әзірленеді. Бірлестіктің жоба үйлестірушісі Жеңіс Абдалиевтің айтуынша, жобалардың мақсаты мәселені анықтаумен ғана шектелмейді. Негізгі міндет – оның тиімді шешімін ұсынып, тәжірибеде сынақтан өткізу. Осы тәсілдің нәтижесінде бес жыл ішінде отбасы институтын нығайтуға, қолайлы әлеуметтік экожүйе қалыптастыруға және саналы қоғам құруға бағытталған 20-дан астам жоба мен зерттеу жүзеге асырылды. Өз тиімділігін дәлелдеген бастамалар кейін өңірлік және республикалық деңгейде кеңінен қолданылып келеді. Осы жүйелі жұмыстың нақты көріністерінің бірі – бүгінгі уақыт талабына ерекше жауап беретін «Жұмыс пен отбасы үйлесіміндегі жауапты ата-ана» жобасы.

Алғаш рет өндірістік ортадағы қызметкерге тек маман ретінде емес, отбасының тірегі, бала тәрбиесіне тікелей ықпал ететін ата-ана ретінде қараған бұл жоба корпоративтік мәдениетке жаңа мазмұн енгізді. Жобаның негізгі мақсаты – ұжым ішінде саналы ата-ана болу мәдениетін қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және психологиялық мәдениетті дамыту. Бұл бағыттағы жұмыс дәріс оқумен ғана шектелмейді. Алдымен қызметкерлердің нақты қажеттілігі зерттеледі. Соның негізінде ата-аналық құзыреттерді дамытуға арналған арнайы бағдарлама әзірленіп, тәжірибеге енгізіледі. Қатысушылар эмоциялық интеллектіні дамыту, баламен дұрыс қарым-қатынас орнату, отбасындағы сенім атмосферасын қалыптастыру, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау сияқты маңызды дағдыларды меңгереді.

Бұл жобаның ерекшелігі – оның алдын алу сипаты. Қоғамда мәселе ушығып кеткеннен кейін емес, оның алдын алу жолдары қарастырылады. Себебі берік отбасы ниет пен әрекетсіз қалыптаспайды. Ол саналы шешімнен, дұрыс қарым-қатынастан және үздіксіз үйренуден басталады.

Инфографика. Ұйым қызметі: статистика және нәтиже

Бүгінде «Сенімен Болашақ​» республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысы еліміздің барлық өңірін қамтып отыр. Елімізде ұйымның 16 филиалы жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде жобаларға 159 мыңнан астам адам қатысып, 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Әртүрлі бағыттағы 50-ден астам сарапшы қоғамдық бастамалардың ғылыми және тәжірибелік негізін нығайтуға атсалысты. Бұл көрсеткіш ұйым қызметінің ауқымын ғана емес, қоғамның мұндай бастамаларға деген сұранысын да көрсетеді. Осы бастамалардың мәні тек бүгінгі әлеуметтік мәселелерді шешумен шектелмейді. Оның тамыры халқымыздың ғасырлар бойғы тәрбие дәстүрімен сабақтас.

Әл-Фараби ізгі қоғамның негізін тәрбиеден іздеді. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтты ағартумен бірге ата-ананың жауапкершілігін күшейтуді көздеді. Шәкәрім ар-ұжданды адам болмысының өлшемі деп таныса, Әлихан Бөкейхан елдің ертеңін саналы азаматпен байланыстырды. Төрт асылдың төрт түрлі пайымы бір ғана ақиқатқа тоғысады: ұлттың тағдыры ең алдымен шаңырақта шешіледі. Сондықтан отбасы институтын нығайту – әлеуметтік мәселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен елдік сананың өзегі. Осы құндылықты қоғамның күн тәртібіне шығарып, саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруды басты миссиясына айналдырған «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі бұл бағыттың кездейсоқ бастама емес, үздіксіз қоғамдық қозғалысқа айнала алатынын көрсетті. Форумдар мен семинарлар, әлеуметтік жобалар мен ағартушылық кездесулер – бәрі де бір мақсатқа қызмет етті: әр шаңырақтың берекесін арттыру арқылы тұтас қоғамның сапасын көтеру.

Қазақ «Отан – отбасынан басталады» дейді. Бұл – ұран емес, ұлттың өмірлік тәжірибесі. Себебі ертең ел тағдырын арқалайтын азамат бүгін ата-анасының тәлімімен өсіп келеді. Сондықтан бүгін отбасыға салынған әрбір күш-жігер, ата-ананың санасын жаңғыртуға бағытталған әрбір бастама – ертеңгі Қазақстанның адам капиталына қосылған үлес. Бес жыл бойы осы ұстанымды нақты жобалармен дәлелдеп келе жатқан «Сенімен Болашақ»​ отбасы мәселесін жеке адамның емес, тұтас қоғамның жауапкершілігіне айналдыруға үлес қосып келеді.

Қорыта айтқанда, отбасыдан басталатын игі өзгеріс – ел болашағына бастайтын жол. Саналы ата-ана қалыптасқан жерде саналы ұрпақтың да негізі қаланады.

Ақмарал МАХАМБЕТӘЛІ

 

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл