Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматы соты Lufthansa әуекомпаниясын қазақстандық жолаушыларға келтірілген залалды өтеуге міндеттеді. Оқиғаның мән-жайын адвокат Данильхан Шағатаев айтты, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Оқиға 2023 жылыы 21 желтоқсанда болған. Осы уақытқа дейін тараптар арасында дау болған.
Адвокаттың айтуынша, 2023 жылы 21 желтоқсанда Франкфурт – Алматы бағытымен ұшып келе жатқан ұшақ Астанаға жоспардан тыс қонған. Жолаушылар ішінде бала да болған, әуежайда шамамен төрт сағат бойы тамақсыз, сусынсыз, трансферсіз және әуекомпания өкілдерінің қандай да бір ақпаратын ала алмай күтуге мәжбүр болған. Ақыр соңында оларға басқа рейске билет сатып алу ұсынылған.
- Әуекомпания өкілдері ешқандай ақпарат бермеді және пікір білдірмеді. Соңында олардың бірі жолаушыларға басқа рейске билет сатып алуды ұсынып, әуекомпания кейін шығынды өтейді деп уәде берген. Соның нәтижесінде жолаушылар 2023 жылы 22 желтоқсанда FlyArystan компаниясының ең жақын рейсіне билет сатып алған. Сонымен қатар, олар қонақүйде тұру және артық жүктің ақысы үшін де шығындалған, – деп жазды адвокат Telegram арнасында.
Алайда әуекомпания өкілінің билет құнын қайтару жөніндегі уәдесіне қарамастан, жолаушылар ешқандай өтемақы алмаған. Адвокаттың айтуынша, олар бір жарым жыл бойы Азаматтық авиация комитетіне шағымданған, бірақ бәрі сәтсіз аяқталған. Соңында олар сотқа жүгінген.
- Монреаль конвенциясын басшылыққа ала отырып, Түрксіб аудандық соты шетелдік әуекомпанияға қатысты талабымызды қарады. Нәтижесінде сот Lufthansa компаниясын әрбір жолаушыға сатып алынған билеттер құнын, қонақүйдегі шығындарын, артық жүкке төленген ақыны, сондай-ақ, моральдық зиян мен сот шығындарын өтеуге міндеттеді. Алайда шешім заңды күшіне енген жоқ, – деп нақтылады адвокат Шағатаев.