| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда азаматтардың табысын арттыруға, интернет арқылы жұмыс істеуге және кәсіпкерлердің өнімдерін онлайн сатуға бағытталған жаңа шаралар қолға алынады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық цифрлық экономиканы дамыту және азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды, – деп хабарлайды Dauletten.kz.
Жарлыққа сәйкес, Үкімет 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін халықтық цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекітуі тиіс. Құжаттың негізгі мақсаты – азаматтарға қосымша табыс табуға жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру және шағын бизнестің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейту.
Интернет арқылы табыс табуға жағдай жасалады
Жаңа бастама аясында азаматтардың цифрлық платформалар арқылы жұмыс істеп, табыс табуына ерекше көңіл бөлінеді.
Атап айтқанда, ұйымдар мен кәсіпкерлер қолданыстағы онлайн платформаларда қысқа мерзімді, ақы төленетін тапсырмаларды тұрақты түрде жариялауы тиіс. Азаматтар осы тапсырмаларды орындау арқылы табыс тауып, тәжірибе жинақтай алады. Олардың тәжірибесі орындалған тапсырыстар туралы мәліметтер негізінде расталады.
Сонымен қатар жасанды интеллектіні күнделікті жұмыста және табыс табу мақсатында қолдану дағдыларын дамыту көзделген.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қатысты жаңа өзгерістер қарастырылады
Үкіметке 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтар үшін жеңілдетілген құқықтық режим қалыптастыру тапсырылды.
Бұл бағытта еңбек қатынастары, салық төлеу және әлеуметтік қорғау мәселелері қарастырылады. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолдануға болатын қызмет түрлерінің тізімін кеңейту мүмкіндігі зерделенеді.
Ауыл кәсіпкерлеріне өнімдерін интернетте сатуға көмектеседі
Жарлықта ауылдағы өндірушілерді қолдауға да басымдық берілген. Енді олардың өнімдерін электрондық сауда алаңдары мен сауда желілері арқылы өткізу тетіктері әзірленеді.
Осы мақсатта ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау, сақтау орындарына жеткізу және сатып алушыларға өткізу жүйесін дамыту жоспарланған.
Бұдан бөлек, ауылдағы өндірушілерге болашақта сатылатын өнімнің түсімі есебінен алдын ала қаржы беру тетіктері қарастырылады.
Жергілікті әкімдіктер кәсіпкерлерге онлайн сауда жасауды үйретіп, кеңес беруді және өнімдерін электрондық сауда алаңдарына орналастыруға көмектесуді ұйымдастыруы тиіс.
Жаңа жобалар 2027 жылы іске қосылады
Президент Жарлығына сәйкес, өңірлік әкімдіктер 2027 жылғы 15 қаңтарға дейін тиісті жоспарларын бекітуі қажет.
Ал цифрлық экономиканы дамытуға арналған алғашқы пилоттық жобалар 2027 жылғы 1 сәуірге дейін еліміздің жекелеген өңірлерінде іске қосылуы тиіс.
Олардың нәтижелері бағаланып, тиімді тәжірибелерді басқа өңірлерге тарату жөніндегі шаралар 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейін айқындалады.
Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді. Құжат қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.