| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
21 қарашада Астанада еркін күрестен Wrestling Stars League (WSL) халықаралық турнирі өтеді. Биылғы доданың басты ерекшелігі – әлемнің 10 елінен келген полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ жауынгерлері алғаш рет бір бозкілемде күш сынасады. Әлемдік деңгейдегі балуандар бас қосатын халықаралық жарыс Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Арлан» спорт клубымен бірлесіп ұйымдастырылып отыр, – деп хабарлайды Dauletten.kz.
20 қарашада елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында халықаралық турнир қарсаңында баспасөз конференциясы өтті. Жиында ұйымдастырушылар жарыстың ерекшеліктері, қатысушылар құрамы және жобаның алдағы даму мүмкіндіктері туралы баяндады.
Баспасөз конференциясына Wrestling Stars League жобасының авторы, Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, Nomad Wrestling жобасының авторы, ҚР ІІМ Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мақсат Кикимов, сондай-ақ танымал балуандар Гүлмарал Еркебаева мен Мейрамбек Қартбай қатысты.
Биылғы турнирдің басты жаңалығы – халықаралық деңгейдегі кәсіби балуандармен қатар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің де жарысқа қатысуы. Бозкілемге шығатын спортшылар арасында Олимпиада ойындарының, әлем, Азия, Еуропа және Америка чемпионаттарының чемпиондары мен жүлдегерлері бар.
WSL жобасының авторы Дәурен Жабасов биылғы жарыстың бұрынғы турнирлерден ерекшеленетінін атап өтіп, көрермендерді жоғары деңгейдегі бәсеке күтіп тұрғанын жеткізді.
– Біз алғаш рет 10 елдің полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ жауынгерлерін бір бозкілемде тоғыстырамыз. Олардың арасында әлем чемпиондары мен Олимпиада ойындарының жүлдегерлері бар. Бұл жай ғана турнир емес, нағыз мықтылардың бәсекесі болмақ. Көрермендерді тартысты белдесулер мен ерекше әсер күтіп тұр, – деді Дәурен Жабасов.
Халықаралық турнирге Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан, Моңғолия, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресей спортшылары қатысады. Қазақстан намысын Ішкі істер министрлігінің «Арлан» спорт клубының балуандары қорғайды. Олар 50 спортшы қатысқан іріктеу белдесулерінің қорытындысы бойынша халықаралық жарысқа жолдама жеңіп алған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің маңызы спорттық нәтижемен ғана шектелмейді. Жоба түрлі мемлекеттердің құқық қорғау органдары арасында спорттық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және халықаралық кәсіби байланыстарды дамытуға бағытталған.
Nomad Wrestling жобасының авторы, ҚР ІІМ Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мақсат Кикимов мұндай жарыстардың құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның сөзінше, халықаралық турнир алдағы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп, қатысушы мемлекеттердің қатары артуы мүмкін.
– Ертең Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы көрерменге лық толады. Жарысты онлайн және офлайн форматта тамашалауға болады. Мұның бәрі спортшылар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін үлкен мотивация болмақ. Биыл мұндай турнир құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы жылдары оның ауқымы кеңейеді, – деді Мақсат Кикимов.
Халықаралық додада бақ сынайтын тәжірибелі спортшылардың бірі – Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, WSL-2025 турнирінің жеңімпазы Гүлмарал Еркебаева. Жиында спортшы кез келген қарсыласқа дайын болудың маңызына тоқталды. Ол алдағы белдесулерге тыңғылықты дайындалғанын айтып, жарыста жоғары нәтиже көрсетуге ниетті екенін білдірді.
Жарыс бағдарламасына сәйкес, халықаралық турнир аясында барлығы 10 белдесу өтеді. Бәсекелер Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымының халықаралық ережелері бойынша өткізіледі.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, турнирдің тағы бір маңызды қыры – спортта жоғары жетістікке жеткен полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ жауынгерлерін көпшілікке үлгі ету. Бұл жасөспірімдер мен жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді.
Осылайша биылғы Wrestling Stars League халықаралық турнирі әлемдік деңгейдегі балуандардың шеберлігін сынайтын спорттық дода ғана емес, түрлі елдердің құқық қорғау органдары өкілдерін бір алаңда тоғыстыратын маңызды халықаралық спорттық іс-шара болмақ.